KZNews.kz
KzNews TV

Қазақша бесік жырын айтқан орыс келіншек жұртты тәнті етті (видео)

KZNEWS
Қазақ отбасына келін болып түскен орыс қызы Вера Нестерованың күнделікті тұрмыс-тіршілігін Тик-ток желісінің қолданушылары қызыға қарайды. Ауласында үй құстарын күтіп-баптаумен айналысатын келіншек қазақша еркін сөйлейді. Тіпті көпшілігі оның өз ана тілін білетініне күмәнмен қарайды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. Вера Нестерова қазақ тілін алты жасынан білетінін айтады. "Туып-өскен ортамның бәрі қазақ, өзім қызығып үйреніп алдым. Бала кезімде қазақ құрбыларымның сөздерін қайталап жүретінмін. Ал негізі 9 жыл орысша оқығанмын. Тек соңғы төрт жыл колледжде қазақша білім алдым", - дейді Вера. Қызылорда қаласында тұратын келіншек тек қазақы ортада жүргенінен ана тілі орысшаны акцентпен сөйлейтінін жасырмады. "Орысша жақсы білемін, бірақ күнделікті сөйлемеген соң акцент бар", - дейді Вера күліп.  Вера өзін әлеуметтік желіде "ұлтым - орыс, жаным - қазақ" деп таныстырады. Қазір үшінші сәбиін күтіп жүрген келін қазақтың салт-дәстүрін түгел ұстанатынын айтты. "Ата-енеме, қайын ағама, қайын әпкеме иіліп сәлем саламын. Қазақтың барлық салтын білемін. Екі үлкен қызымды бесікке салып өсірдім. Бесік жырын айтамын", - дейді ол. Айтуынша, ата-енесі шаңыраққа Вера келін болып түскенде қарсылық танытпаған. "Маған қарсы болған жоқ. "Бірге тұратын екеуің" деп жолдасыма жарын таңдауда еркіндік берді", - дейді Вера Нестерова. Қазақ тілін тез үйреніп кету үшін Вераның айтары біреу-ақ. "Адам тіл үйренуге ынтасы, құлшынысы болса үйреніп кетеді. Ешқандай қиындығы жоқ. Тілді жақсы көру керек. Қазақстанда туған соң қазақ тілін білу міндетім", - дейді ол. 
KZNEWS
Автордың басқа материалдары