«Қазақмыс» компаниялар Тобының кәсіпорындарында жұмыскерлердің еңбек жағдайын және тұрмыстық инфрақұрылымды жақсарту жұмысы жалғасуда. Осы бағытта кәсіпорындардың өндірістік және әкімшілік-тұрмыстық кешендерінде киім ілетін шкафтарды кезең-кезеңімен жаңарту қолға алынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қызметкерлердің жұмыс және жеке киімдерін сақтауға арналған жаңа шкафтар өндірістік алаңдағы киім ауыстыратын бөлмелерге орнатылды. Құрылым беріктігімен және қолдануға қолайлы болуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ зат сақтауда тазалық пен желдетуге және қауіпсіздік талабының сақталуына ерекше көңіл бөлінген.
Жаңарту бағдарламасы аясында Жыланды кенішіне 200 жаңа шкаф, ал Жомарт кенішіне 300 шкаф орнату жоспарланып отыр. Жалпы компания кәсіпорындарына шамамен 6900 шкаф қойылады. Жұмыс түрлі өндірістік нысандарда кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ең алдымен қызметкер саны көп және өндіріс циклі қарқынды бөлімшелер қамтылуда. Жеткізу және орнату жұмысы биыл шілде айына дейін аяқталады.
Жаңарту жұмысы компанияның қызметкерлер үшін жайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Тұрмыстық жағдайды жақсарту – компанияның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі әрі кәсіпорындардағы өндірістік мәдениетті арттыруға әсер ететін фактордың бірі.
Компанияда атап өткендей, жұмыскерлер үшін жайлы еңбек жағдайын қалыптастыру өнеркәсіптік қауіпсіздік, өндірісті жаңғырту және жаңа технология енгізу мәселелерімен қатар маңызды басымдықтардың бірі саналады.