«Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шахтадағы газ мөлшерін бақылау үшін 3 миллиард теңгеге жуық инвестиция бөлінді, деп хабарлайды kznews.kz.
Корпорация басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров аталған нысанға арнайы барып, тау-кен және қазба жұмыстарының барысын тексерді. Бүгінгі таңда кенішті дамытуға бағытталған 2,7 млрд теңгеден астам қаражат ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі желдету оқпандарын жаңғыртуға жұмсалмақ.
Жерасты жұмыстарындағы басты мәселе саналатын аэрогаздық жағдайды қатаң бақылауға алу үшін биылдың өзінде 925 млн теңге бөлініп отыр. Осы қаражат есебінен кеніштегі өздігінен жүретін техникалар арнайы метан релесімен жабдықталуда. Бұл құрылғы газ мөлшері рұқсат етілген шектен асқан кезде қозғалтқышты автоматты түрде өшіріп тастайды. Қазірдің өзінде осындай қауіпсіздік жүйесі бес техникаға орнатылса, алдағы уақытта тағы он бір көлікке қойылмақ. Сонымен қатар қауіпті көрсеткіш байқалған сәтте энергияны бірден қиятын стационарлық датчиктерді орнату жұмыстары да қарқын алған.
Бұдан бөлек кеншілерді таза ауамен қамту ісіне үлкен мән беріліп отыр. Негізгі екі желдету қондырғысы күрделі жөндеуден өтіп, жобалық қуатына жеткендіктен шахтаға қосымша 200 текше метрге дейін таза ауа барады. Бұған қоса 156 метр тереңдікке дейін ауа беретін екі жаңа шурф қазылды және болашақта 600 метр тереңдікті қамтитын тағы екі ірі оқпан салу жоспарда бар.
Өндірістік көрсеткіштер де оң нәтиже беріп жатыр. Соңғы екі ай ішінде 600 қума метрге жуық қазба жұмыстары жүргізіліп, жылдың бірінші жартысына қарай дайындалған қор көлемі айтарлықтай артады деп күтілуде. Сондай-ақ корпорация мамандардың біліктілігін көтеріп, геомеханика бойынша заманауи стандарттарды енгізу үшін «СоюзГеоМех» серіктестігімен бірлесе жұмыс істеу мәселесін қарастырып жатыр.