«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Басқарма төрағасы қызметіне Руслан Өскенәлі тағайындалды. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Руслан Өскенәлі 1984 жылы дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша білім алып, кейін Woodbury University-де MBA дәрежесін иеленген.
Оның басқарушылық тәжірибесі мол. Әр жылдары «Қазақмыс» корпорациясында, сондай-ақ Alstom және General Electric сияқты ірі халықаралық компанияларда жетекші қызметтер атқарған. Коммерциялық және өндірістік құрылымдарды басқару саласында жинақтаған тәжірибесімен танымал.
2024 жылдың наурыз айынан бастап Qarmet компаниясында жабдықтау жөніндегі директор қызметін атқарып, сатып алу жүйесін стратегиялық тұрғыда дамытуға және жабдықтау үдерістерін оңтайландыруға жауапты болды. Сонымен қатар компанияның Басқарма мүшесі ретінде негізгі басқарушылық шешімдер қабылдауға қатысқан.
Жалпы алғанда, Руслан Өскәнәлі ірі кәсіпорындардың операциялық қызметі мен активтерін басқару, сондай-ақ стратегиялық жобаларды жүзеге асыру бағытында мол тәжірибеге ие. Ол тиімділікке бағытталған басқару ұстанымымен, корпоративтік құндылықтарды сақтауымен және кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлуімен ерекшеленеді.