Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аяқталды. Ресей Президенті Владимир Путиннің арнайы шақыруымен Мәскеуге барған Мемлекет басшысы екі күнде ресми және бейресми форматта кездесулер өткізді.
Алғашқы күні Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі Внуково-2 әуежайында сап түзеп, қазақ басшысын құрметпен қарсы алды.
Мемлекет басшысы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әңгімелесіп, олардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасына жоғары баға берді.
Одан кейін Президент Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қойды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті.
Жоғары деңгейдегі келіссөз алдында Кремльдің Георгий залында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Дәл осы жерде қазақ шенеуніктері алтын жалатылған залға таңданысын жасырмай, смартфондарына түсіріп алып жатты. Бұл сәтті Ақорда баспасөз қызметі мен Tengrinews.kz порталы тілшілері фотоға түсіріп үлгерді.
Әсіресе Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшісі Дәурен Абаевтың әріптестерін түсіріп жатқан фотолары оқырмандардың жылы пікір жазуына түрткі болды. Қанша дегенмен елші бұл қызметіне дейін Ақпарат және коммуникация министрі болған. Яғни журналистердің жұмысынан хабардар екенін көрсетті.
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов те алтынға қызығатынын жасырмады. Қайткен күнде де оның жұмысы осы алтынның құнымен байланысыты екені түсінікті.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов те залдың сұлулығына тамсанып тұрды.
Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев телефонын басқа мәселеге пайдаланған секілді. Әлде білдіртпей түсіріп алған фотоларын қарап отырды ма екен, оны енді ешкім дөп басып айта алмайды.
Шенеуніктер көп сапарлайды, кейде ұмытып та қалатын шығар. Алайда Мәскеу сапары олардың жүрегінде һәм телефондарында мәңгі сақталады.
Жалпы келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.
– Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын толық көрсетеді. Бұл бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды. Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі екі жетекші мемлекет арасында орнаған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды. Ең бастысы, бізді ғасырлардан тамыр тартатын бай тарихымыз, белсенді мәдени-рухани байланыстарымыз, ортақ құндылықтарымыз, заманауи сын-қатерлерге қатысты ұқсас көзқарасымыз бен болашаққа бағдарымыз біріктіреді, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.