Белгілі қазақстандық сәулетші, дизайнер және сәулет тарихын зерттеуші Алмас Ордабаев 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Оның қайтыс болғаны туралы қызы Джамиля Стехликова хабарлады, деп жазады kznews.kz.
88 жастағы Алмас Ордабаевтың өмірден өткені туралы оның қызы, қазақтан шыққан чех саясаткері Джамиля Стехликова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Стехликованың айтуынша, сәулетші өмірінің соңғы күндерінде жақындарымен қоштасып үлгерген.
"Алдыңғы күні әйелі Ольгаға қоштасатынын айтып, соңғы салған картиналарына қол қойды. Кеше менімен қоштасты. Бүгін Прагадағы немерелерімен қашықтан қоштасып, қол бұлғап үлгерді", – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол әкесінің өмірден өтер алдында күлімсіреп, отбасына деген сүйіспеншілігін айтқанын, ал жарты сағаттан кейін көз жұмғанын жеткізді.
Алмас Ордабаев – Қазақстанға танымал сәулетші, дизайнер, материалдық мәдениет тарихын зерттеуші, сәулет саласы бойынша философия докторы болған. Ол Қазақстан дизайнерлер одағының вице-президенті, Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті сәулетшісі және Қазақстан көркемөнер академиясының құрметті академигі атанған.
Көп жылғы еңбек жолында Ордабаев 60-тан астам нысанның жобасын жасауға қатысқан. Оның ең белгілі жобаларының қатарында Алматыдағы "Самал" тұрғын ауданы, Жаңа алаң және Ғалымдар үйі бар.
Ол сондай-ақ Қазақстан сәулетінің тарихын зерттеумен айналысты. Түркістан, Маңғыстау, Оңтүстік және Орталық Қазақстандағы тарихи ескерткіштерді зерделеп, Қожа Ахмет Ясауи кешеніндегі реставрациялық жұмыстарға жетекшілік етті.
Бұдан бөлек, Ордабаев Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы – "Халық қаһарманы" атағының белгісін және Қазақстан Ұлттық гвардиясының формасын әзірлеген.
Сәулетші Қазақстанның сәулеті мен мәдениеті тарихына арналған бірнеше монографияның, 80-нен астам ғылыми мақаланың, сондай-ақ елдің мәдениеті мен сәулет тарихына арналған төрт ғылыми-көпшілік фильмнің авторы.