Астаналық көлік иесі Qazaq Oil жанармай құю бекетінен АИ-95 құйғаннан кейін көлігі тартпай қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы жүргізуші видеоүндеу жариялап, holanewskz телеграм арнасына жариялаған.
Hyundai-дің ресми сервисі форсункалардың ластанғанын анықтап, тапсырыс құжатында «сапасы талапқа сай емес жанармай қолданылғанын» себеп ретінде көрсеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
Жүргізушінің айтуынша, ол көлікті биыл мамырда сатып алған. Оқиға кезінде оның жүрісі шамамен 13,5 мың шақырым болған. Астанадан шығар жолда жанармай құйғаннан кейін көлік газ басқанда жылдамдық қосудың орнына қуатын жоғалтып, әдеттен тыс дыбыс шығара бастаған. Алғашқы компьютерлік диагностика ақауды көрсетпеген, қозғалтқыштың ақау шамы да жанбаған. Алайда мәселе қайталанған соң, 21 қыркүйекте көлік Hyundai-дің ресми сервисінде қайта тексерілген. Мамандар жанармай жүйесін қарап, форсункалардың ластанғанын анықтаған. Жөндеу құны 159 410 теңге болған.
Көлік иесі Qazaq Oil-ға сотқа дейінгі талап жолдап, мемлекеттік органдарға да жүгінген. Әзірге нақты осы бекетте сатылған бензиннің сапасына қатысты зертханалық сараптама қорытындысы және компанияның жауабы ұсынылған жоқ.
Бұл шағым АИ-95 және АИ-98 бензиніне қатысты жүргізушілердің бұған дейінгі арыздарынан кейін түсті. Тамызда бірқатар көлік иесі жанармай құйған соң көлігінің қуаты төмендеп, форсункалары мен оталдыру шамдарында ақау пайда болғанын хабарлаған еді.
Мемлекеттік тексерулер кей өңірлерде жанармай сапасына қатысты заңбұзушылықтарды анықтаған. Мәселен, Қызылорда облысында АИ-95 ретінде сатылған бензин үлгісінің октан саны АИ-92 деңгейінде болған. Тағы бір үлгіде күкірт мөлшері рұқсат етілген нормадан үш еседен астам асқан. Бұл нәтижелер Астанадағы Qazaq Oil бекетінен алынған жанармайға қатысты емес.