Мәдениет

Қазақ киносы жаңа белесте: отандық фильмдер 177 халықаралық жүлде иеленді

Қазақ киносы жаңа белесте: отандық фильмдер 177 халықаралық жүлде иеленді
Фото: ашықдереккөз

Соңғы екі жылда өткізілген үш питчинг нәтижесінде 57 жобаның 40-ы жас кинематографистердің қатысуымен түсірілуде. 2024 жылы іріктеу ережелері жаңарып, процесс ашық әрі тиімді болды: құжаттар электронды қабылданады, сарапшылар кеңесінің дауыс беру жүйесі жетілдірілді. Бұл өзгерістердің арқасында қазақ тіліндегі сценарийлердің үлесі 75%-ға жетті.

«Qaitadan» фильмі мемлекеттік қолдаумен түсіріліп, прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинады. Картина инвестицияны бес есе ақтап, мемлекеттік қолдау жүйесінің тиімділігін көрсетті.

2025 жылы өңірлік таланттарды қолдау мақсатында JARQYRA республикалық кастингі іске қосылып, жас актерлерге ұлттық киноға жол ашты. Сонымен қатар, «Қазақ киносының онкүндігі» аясында отандық фильмдер Қарағанды, Жамбыл, СҚО, БҚО және Жетісу облыстарында көрсетілді.

Қазір қазақстандық фильмдер тек кинотеатрларда емес, онлайн платформаларда да қолжетімді. «Кинопоиск» сервисімен бірлесіп, «Патриоттар уақыты», «Каникулы off-line 2», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» сынды 17 фильмнен тұратын арнайы жинақ дайындалды.

Халықаралық деңгейде де қазақ киносының беделі артып келеді. Биыл Қазақстан алғаш рет Канн кинофестиваліндегі Marché du Film кинонарығына қатысып, KazakhCinema ұлттық стенді арқылы жобаларын таныстырды. Сондай-ақ, Франция мен Грузия киноорталықтарымен меморандумдарға, ал Ақтауда Түркі мемлекеттерінің кино ұйымдарымен ынтымақтастық келісімдеріне қол қойылды.

Сонымен қатар, «Сказка о морских псах» деректі фильмі мен «Победителей видно на старте» атты бірлескен жоба Локарно және Пусан фестивальдерінде көрсетілді.

Қазақ киносы бүгінде жаңа деңгейге көтеріліп, отандық және шетелдік көрерменнің назарын сенімді түрде баурап келеді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz