Алматыда қазақ анимациясының көрнекті өкілі, режиссер, суретші әрі ұстаз Ерсайын Әбдірахмановтың 80 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шара өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұйымдастырылған «Режиссер және ұстаз Ерсайын Әбдірахмановтың мұрасы» атты дөңгелек үстелде шебердің ұлттық анимация мен деректі кино өнеріне қосқан зор үлесі жан-жақты талқыланды.
Қазақ экран өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған режиссердің шығармашылығы көрермен жадында сақталған. Оның «Бозторғай», «Қозы мен Қосаяқтың жақсылық іздеуі», «Қызғылт ешкілер елінде» атты анимациялық фильмдері ұлттық анимацияның алтын қорына енген туындылар саналады. Кейін ол деректі кино саласында да табысты еңбек етіп, «Жаңа Арқа», «Өлім транзиті» секілді маңызды жобаларды жүзеге асырды.
Ерсайын Әбдірахманов тек режиссер ретінде ғана емес, білім беру саласында да елеулі із қалдырды. 1993–2001 жылдары Өнер академиясының Кино факультетінің деканы қызметін атқарып, бірнеше буын киногерлерді тәрбиеледі.

Дөңгелек үстел барысында режиссердің қазақ анимациясы мен деректі киноның қалыптасуындағы рөлі, оның көркемдік және әдіснамалық ұстанымдарының бүгінгі кино біліміндегі маңызы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, оның педагог ретіндегі еңбегі мен шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы ерекше атап өтілді.
Іс-шара аясында режиссердің фотосуреттері мен графикалық жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылып, «Режиссер Ерсайын Әбдірахманов» атты монографияның тұсаукесері өтті. Сондай-ақ көрермендер назарына оның деректі фильмдері мен «Бозторғай», «Қозы мен Қосаяқтың жақсылық іздеуі» анимациялық туындылары ұсынылды.
Монография авторы, кинотанушы Нұргүл Абдолла бұл еңбекте режиссердің шығармашылығына терең кәсіби талдау жасалғанын атап өтті.
– Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін Ерсайын Әбдірахмановтың анимациялық фильмдерінде қолданылған санаулы ғана қуыршақтар сақталған. Біз оларды көрмеге ұсындық. Сонымен қатар «Батыр Баян» фильміндегі эскиздері де қойылды. Бұл кеш қонақтар мен студенттер үшін танымдық маңызы зор шара болады деп сенемін. Кітапта режиссердің фильмдері жан-жақты талданып, оның шығармашылық ерекшеліктері кәсіби кинотанушылық тұрғыда қарастырылды, – деді ол.
Ал режиссердің жары Қатира Орынбаева оның еңбегіне көрсетілген құрметке алғысын білдірді.
– Арада 25 жыл өтсе де, оның еңбегін бағалап, құрметтеп жатқандарыңызға үлкен рақмет. Ерсайын өте балажанды, отбасын сүйетін, әрдайым жақындарына қолдау көрсететін жан еді. Жастар оның мұрасынан тағылым алады деп сенемін, – деді ол.
Ерсайын Әбдірахмановтың шығармашылығы – ұлттық экран өнері тарихындағы айрықша құбылыс. Оның туындылары қазақ анимациясының көркемдік өрісін кеңейтіп қана қоймай, деректі киноның қоғамдық мәнін тереңдете түсті. Режиссердің есімі қазақ кино мәдениетінде өнерге адал қызмет еткен тұлға ретінде мәңгілікке сақталады.