«Жомарт» кенішінде өндірістік қауіпсіздік мәселелері басты назарда. Жақында мұнда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев және ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев қатысқан бірлескен жұмыс сапары өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Сапар барысында корпорация өткен жылы орын алған оқиғаның салдарын жою бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге арналған кешенді шаралардың жүзеге асырылу барысы көрсетілді. Мамандар кеніштегі қазіргі аэрогаздық жағдай мен бақылау жүйелерінің жұмысымен де танысты.
Арнайы мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бұрын апат тіркелген аумақтарда газсыздандыру шаралары толық орындалған. Қауіпсіз тау-кен жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, кезең-кезеңімен енгізілуде.

Бүгінде желдету жүйелерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар тәулік бойы жүргізілетін аэрогаздық бақылау күшейтілген. Кейбір шаралар қосымша ғылыми зерттеулер жүргізуді және өндірістік параметрлерді қайта қарауды талап етеді.
Корпорация сондай-ақ бірқатар ұйымдастырушылық-техникалық шараларды іске асыруда. Атап айтқанда, өндірістік жабдықтар жаңғыртылып, персоналды позициялау және апаттық хабарлау жүйелері жетілдірілуде. Мемлекеттік инспекторлардың қатысуымен тұрақты техникалық тексерістер де жүргізілуде.
Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалып, тұрақты бақылауға алынған. Компания үшін қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік тәуекелдердің алдын алу басты басымдық болып қала береді.