Бұқара мен банктер: несие портфелі 40,2 трлн теңгеге жетті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Қауіпсіз есепшот» ертегісі: Полиция зейнеткерлермен жүздесті

«Қауіпсіз есепшот» ертегісі: Полиция зейнеткерлермен жүздесті
Ашық дереккөзден

Елорданың Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында маңызды кездесу өтті. Тәртіп сақшылары зейнеткерлермен жүздесіп, бүгінгі күннің басты қаупіне айналған киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Елорданың Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында маңызды кездесу өтті. Тәртіп сақшылары зейнеткерлермен жүздесіп, бүгінгі күннің басты қаупіне айналған киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Аудандық әкімдік пен полиция басқармасы ұйымдастырған бұл шараның негізгі мақсаты — егде жастағы азаматтардың цифрлық сауатын арттырып, оларды желідегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларына баулу. Кездесу барысында мамандар алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдерін тізбелеп, жеке деректерді қалай қорғау керектігі туралы құнды кеңестер берді.

Алматы аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Камалиевтің айтуынша, қазіргі таңда алаяқтардың құрығына тек қариялар ғана емес, жастар да жиі ілігуде.

«Қылмыскерлердің арбауына тек егде кісілер түседі деген жаңсақ пікір. Әрине, қариялар қауіп тобында, бірақ құрбандардың арасында орта жастағылар да аз емес. Мәселен, зардап шеккен он адамның бесеуі қарт кісілер болса, қалғандары — өзге жастағы азаматтар», — деп атап өтті ол.

Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта мессенджерлер арқылы хабарласу әдісінің белең алып тұрғанын ескертті. Алаяқтар танымал ұйымдардың логотипін пайдаланып, өздерін байланыс операторы немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырады. Олар «SIM-картаның мерзімін ұзарту керек» деген желеумен SMS-кодты сұратып, жеке мәліметтерге қол жеткізеді. Осыдан кейін екінші бір сыбайласы хабарласып, «сіздің атыңыздан несие рәсімделуде» деп қорқытып, ақшаны «қауіпсіз есепшотқа» аударуға көндіреді.

Сондай-ақ кездесуде «псевдоинвестиция» атты тағы бір айла-шарғы туралы айтылды. Қылмыскерлер биржа, акция немесе криптовалюта арқылы тез байып кетуді уәде етіп, тегін оқу ұсынады. Азғантай жарнамен бастаған адамды бірте-бірте ішке тартып, соңында қомақты қаражатынан айырады.

Жиын соңында полиция өкілдері қауіпсіздіктің алтын ережелерін тағы бір мәрте еске салды: ешкімге SMS-кодты айтпау, бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеу, күмәнді шоттарға ақша аудармау және кез келген қаржылық ұсынысты мұқият тексеру қажет.

Осындай танымдық шаралар қариялардың мүлкін сақтап, цифрлық ортада еркін әрі қауіпсіз жүруіне септігін тигізбек.

Автор
Ілияс Тұрсынхан

Ілияс Тұрсынхан