KZNews.kz
Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары: Қазақстан қандай пайда тапты?

KZNEWS
Фото: akorda.kz

Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жыл өткен сайын тереңдей береді. Бірақ біз осыны пайдаға айналдыра білуіміз керек. Бұл «керекті» Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та біледі деп ойлаймыз. Ал оның осы жолғы Қытайға сапары байырғы байланыстарды жаңа деңгейге көтерді. Олай дейтініміз...

Игілігі мол инвестиция, елді жарылқар экономика

Тоқаевтың сапары барысында Қазақстанға тікелей Қытай инвестициясын тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда Қытай Қазақстанға 27 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы құйған, ал бірлескен жобалардың жалпы портфелі 60 миллиард доллардан асады екен. Бұл — Қазақстан экономикасының әртараптануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Екі ел арасындағы сауда айналымы 2024 жылы рекордтық деңгейге — 44 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш Қазақстан үшін үлкен жетістік, себебі Қытай бүгінде еліміздің басты сауда серіктестерінің біріне айналды.

Сапар барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, цифрлық технологиялар саласында әріптестікті дамытуға қатысты келісімдер жасалды. Демек, енді Қазақстан экономикасына жаңа капитал мен технология келіп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және цифрландыру бағыттары жандана береді.

Транзиттік әлеует және көлік дәліздері

Қазақстанның басты артықшылығы Еуразия жүрегіндегі географиялық орны екенін білеміз. Тоқаевтың сапары аясында «Достық-Мойынты» екінші теміржол желісін іске қосу жөнінде уағдаластық жасалды. Оның нәтижесінде «Қытай–Еуропа» бағытымен өтетін транзиттік жүк көлемі бес есе артады.

Сонымен қатар, автомобиль жолдары мен логистикалық орталықтарды дамытуға басымдық берілді. Бұл Қазақстанды аймақтағы басты транзиттік хаб ретінде бекіте түседі.

Яғни,транзиттен түсетін табыс еселеніп, еліміз халықаралық сауда ағындарының негізгі торабына айналады.

Өңірлік және халықаралық серіктестікке серпін береді

Сапар ШЫҰ саммитімен тұспа-тұс келді. Қазақстан Қытаймен қатар Орталық Азия елдерімен де «мәңгі тату көршілік» жөніндегі шартқа қол қойды. Энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет және ғылым салаларын қамтитын 20-дан астам құжат қабылданды.

Бұл Қазақстан өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, геосаяси тұрғыда салмақты ойыншыға айналады деген сөз. Елдің халықаралық беделін де нығайтады.

Туризмге ден қоятын уақыт келді

2025 жыл Қазақстан мен Қытай арасындағы «туризм жылы» болып жарияланды. Екі елде мәдени орталықтар ашылып, жастарға арналған алмасу бағдарламалары қолға алынды.

Бұл қадам тек туризмді ғана емес, халықтар арасындағы сенімді күшейтуге де ықпал етеді. Қазақстанның табиғи және тарихи нысандары Қытай туристері үшін қолжетімді бола түседі.

Көздегеніміздей, ішкі және сыртқы туризм дамып, қосымша табыс көздері ашылады.

Президент Тоқаевтың Қытайға сапары Қазақстан үшін көпжақты пайдасы бар тарихи қадам болды деп бағалай аламыз. Экономикаға инвестиция тарту, транзиттік әлеуетті арттыру, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мәдени байланыстарды нығайту осы сапардың басты нәтижелері деуге негіз бар.

Бұл сапар Қазақстанның «сенімді серіктес, ашық экономикасы бар мемлекет» ретіндегі бейнесін айқындай түсті.

Ендігі міндет — қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырып, елдің дамуына нақты үлес қосу.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары