Қасым-Жомарт Тоқаев анасына қатысты жазба жариялады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аналар күніне орай анасы Тұрар Шабарбаева туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы анасының қарапайым да парасатты өмірін, отбасындағы рөлін ерекше ықыласпен сипаттады. Оның айтуынша, төрт балалы шаңырақтың тірегі болған анасы өмірінің бар мәнін балаларына арнаған.
"Шешей жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті", – деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев анасының Кеңес Одағы ыдыраған күрделі кезеңде батыл қолдау көрсеткенін еске алды. Ол кезде Президент Мәскеуде қалып, дипломатиялық қызметті жалғастыру немесе елге оралу мәселесін шешіп жатқан.
"Анамның “Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді” деген сөзі маған бұйрықтай естілді", – деп жазды ол.
Президенттің айтуынша, анасы әрдайым ар-ожданды жоғары қойып, ешқашан ұятты істерге жол бермеуді үйреткен. Тіпті, қоғамда орын алып жатқан әділетсіз жағдайларды көре тұра, балаларына әрдайым адал болуды насихаттаған.
"Ол біздің өмірмен ғұмыр кешті, ал біз оның өмірінің ажырамас бөлшегі едік", – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аналар күніне орай Мемлекет басшысы барша жұртты аналарды ардақтап, құрметтеуге шақырды.