Әлеуметтік желіде Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепке жедел жәрдем келіп, оқыс оқиға болғаны туралы ақпарат тарады. Жазбаға пікір білдіргендер оқушының қайтыс болғанын жазған, деп хабарлайды Kznews.kz.
Қарасай ауданының білім бөлімі бұл деректі растады. Алдын ала мәлімет бойынша, таңертең бірінші сабақтан кейінгі үзілісте 9-сыныпта оқитын 15 жастағы оқушының жағдайы күрт нашарлаған. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі жедел жәрдем бригадасын шақырған.
"Жедел жәрдем бригадасы көрсеткен реанимациялық және медициналық көмектерге қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Бұл – отбасы, жақындары және бүкіл мектеп ұжымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша уәкілетті органдар тексеру және тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді, оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат ұсынылатын болады", – делінген мәлімдемеде.