Қаржаубай Айтбек Амангелдімен не үшін байланыс үзгенін айтты

Нұрымовтың айтуынша, қайғылы жағдайдан кейін олардың отбасы күрделі қаржылық қиындықтарға тап болған. Қарыз көбейіп, бизнес тоқтап, мүлікті сату да қиынға соққан. Осы кезде туыстары мен жақындары көмек қолын созып, адвокат жалдауға жәрдемдескен.
Қаржаубайдың айтуынша, Айтбек Амангелдіге өзі емес, туыстары арқылы жүгінген. Бастапқыда оған сенім артқанымен, кейін оның кейбір әрекеттерімен келісе алмағанын айтады.
– Алғашында Айтбек бәрін түсінеді деп ойладым. Бірақ ол өзге адвокаттардың іске араласуына қарсы болды. Бір сәтте мені кінәлап, үмітімді үзді. Дегенмен, оның командасында болған Ақмарал, Карина, Саида есімді адвокаттарға алғысым шексіз. Олар шын ниетпен көмектесті, – деді Қаржаубай.
Оның айтуынша, Айтбектің «Нұрқанат өзіне қол салған» деген мәлімдемесі отбасына қатты соққы болған.
– Айтбек тергеуші де, заңгер де емес. Ондай ауыр мәлімдеме жасауға оның құқығы жоқ. Отбасым мен туыстарым ренжіді. Осыдан кейін де келіспеушіліктер туындады. Бірақ мен оның адвокаттарынан ресми түрде бас тартқан жоқпын, – деп түсіндірді ол.
Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын толық тек адвокат Мейірман Шекеев іске араласқан кезде ғана ұққанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бастапқыда барлық күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалған. Алайда кейін тек негізгі күдіктіге ауыр айып тағылып, өзгелерге жеңілдеу – «Бұзақылық» бабы қолданылған.
– Мұны естігенде шок болдық. Мен бұл істің әділ жүргізілгенін қаладым. Шекеев бірден көмектесуге келісті, соған ризамын, – деді ол.
Сөзінің соңында Қаржаубай Нұрымов інісі Нұрқанаттың өз-өзіне қол салғанына сенбейтінін жеткізді. Оның ойынша, бұл — қасақана ұйымдастырылған қылмыс, біреулер алдап, әдейі өлтірген болуы мүмкін.