Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылында тұрғындар арасындағы жанжал атысқа ұласып, екі адам қаза тапты. Тағы бір азамат пышақ жарақатын алған. Қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ауылдың жеті тұрғыны қамауға алынды, деп хабарлайды kznews.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, оқиғаға дейін ауылдағы дүкендердің бірінің маңында бірнеше азамат арасында төбелес болған. Алдын ала дерек бойынша, жанжалға қатысушылар мас күйде болған. Төбелестен кейін екі тарап та таныстарын көмекке шақырған.
Қаза тапқандардың бірі – 39 жастағы Бекболат есімді ауыл тұрғыны. Туыстарының айтуынша, ол жанжалға тікелей қатыспаған. Бекболат көмек сұрап келген танысына араша түспек болған.
Куәгерлердің сөзінше, кейін жүк көлігімен келген бір топ адам Бекболаттың үйінің маңына жиналған. Олар алдымен аулада тұрған көлікті зақымдап, артынша қақпаға бірнеше рет оқ атып, үйдің аумағына кірген. Сол сәтте үй ішінде отбасы мүшелері болған.
Туыстары шабуылдаушылардың қолында аңшылық қару, тас пен таяқ болғанын айтады. Атыс салдарынан Бекболат ауыр жарақат алып, көз жұмған. Марқұм ауылдағы спорт кешенінде жұмыс істеген. Оның артында жұбайы мен екі баласы қалды.
Қанды оқиғадан тағы бір азамат қаза тапқан. Алайда оның жақындары тілшілерге сұхбат беруден бас тартып, марқұмның кімнің оғынан көз жұмғаны әзірге белгісіз екенін айтқан.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жанжал алдымен дүкен маңында басталып, кейін тұрғын үйлердің бірінің алдында жалғасқан.
«Жанжал кезінде екі адам аңшылық мылтықтан жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Аталған фактілер бойынша адам өлтіру және бұзақылық баптарымен қылмыстық істер қозғалды», – деп мәлімдеді полиция.
Қазіргі уақытта жеті күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Марқұм Бекболаттың туыстары жанжал ушығып кетпей тұрып полицияға хабарласқанын, алайда тәртіп сақшысының оқиға орнына уақытында келмегенін алға тартты. Осыған байланысты олар прокуратураға арызданған.
Қаза болғандардың жақындары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.