Қарағанды қаласында балалардың есту қабілетін қалпына келтіруге бағытталған жоғары технологиялық медициналық көмек қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың желтоқсан айында өңірде алғаш рет балаға кохлеарлық имплантация жасалып, нәтижесінде оның есту мүмкіндігі қалпына келтірілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Осы бағытты дамыту үшін өңірде қажетті клиникалық база жасақталып, заманауи медициналық құрал-жабдықтар – хирургиялық микроскоп пен арнайы имплант орнату жүйесі сатып алынды. Дәрігерлер кәсіби біліктілігін арттырып, шетелдік тәжірибені меңгерді.
Жуырда облыстық көпсалалы балалар ауруханасында кохлеарлық имплантация бойынша практикалық шеберлік сабағы өтті. Қарағандылық мамандар Астананың штаттан тыс бас балалар оториноларингологы Арман Әбілевпен бірлесіп, екі балаға күрделі операцияны сәтті жасады. Бұл медициналық көмек есту қабілеті ауыр дәрежеде зақымданған балаларға көрсетілді.
Кохлеарлық имплантация – естуді қалпына келтірудегі ең күрделі хирургиялық әдістердің бірі. Ол есту аппараттары нәтиже бермеген жағдайда қолданылады және баланың дыбысты қабылдап, сөйлеуді түсінуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде олардың толыққанды дамуына жол ашады.
– Бұл Қарағандыда өтіп отырған екінші шеберлік сабағы. Операциялар сәтті өтті. Бір айдан кейін балаларға сөйлеу процессоры қосылып, одан кейін ұзақ мерзімді оңалту кезеңі басталады, – деді Арман Әбілев.
Маманның айтуынша, мұндай жоғары технологиялық операциялар Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізіледі.
Хирургиялық кезеңнен кейін балалар үшін ең маңызды үдеріс – оңалту жұмыстары басталады. Бұл кезеңде құрылғыны баптау, сурдологтар, логопедтер және басқа да мамандардың қатысуымен кешенді терапия жүргізіледі. Соның нәтижесінде баланың есту арқылы қабылдау қабілеті қалыптасып, сөйлеу дағдылары дамиды.
Бүгінде бұл бағыттың дамуы өңір тұрғындарына сапалы медициналық көмекті өз аймағында алуға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта Қарағандыда тағы бес кохлеарлық имплантация операциясын өткізу жоспарланған.