Қарағанды қаласында аулалардың бірінде болған жанжал салдарынан бір бала зардап шекті. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 12 сәуір күні Трудовая көшесіндегі №27 үйдің ауласында балалар арасында келіспеушілік туындаған. Жанжал барысында олардың бірі ата-анасына хабар берген, содан кейін жағдай ушығып, оқиға орнына ересектер келген.
Желіде тараған видеодан әйелдің балаға дөрекі сөйлегені, ал жанындағы ер адамның баланы мойнынан ұстап, итеріп жібергені байқалады.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті бұл деректі әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында анықтаған. Ресми арыз түспесе де, оқиғаға қатысушылардың барлығы жедел түрде анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Қазіргі уақытта жанжалдың себептері мен мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде әрбір қатысушының әрекетіне заң аясында құқықтық баға берілмек.
Полиция өкілдері кез келген даулы мәселе тек заңды жолмен шешілуі тиіс екенін және күш қолдануға жол берілмейтінін ескертті.