Қарағанды қаласында азаматтық бақылау аясында «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымына қарсы кезекті рейд өткізді деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Молоков көшесі, 24 мекенжайындағы дүкеннен шығу тегі белгісіз, ешқандай құжаты мен таңбалауы жоқ 30 литр спирттік сұйықтық табылып, тәркіленді. Алкоголь пластикалық бөтелкелерге құйылған. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде тіпті 100 грамм суррогатты сатып алып, орнында ішуге мүмкіндік болған. Мұндай өнімдер адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Шараның негізгі мақсаты — қауіпті және заңсыз алкоголь өнімдерін сататын орындарды анықтап, жою, сондай-ақ халыққа суррогат ішімдіктердің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
«Дала Қырандарының» пікірі:
«Біз қалаларымызда дүкен бейнесімен жасырынған суррогат сатушылардың адамдарды улап отырғанын көріп отырмыз. Бұл — бизнес емес, халыққа қарсы қылмыс. Біз құқық қорғау органдарын шақырып, барлық өнімді тәркілеуді талап етеміз», — деді Қарағанды облысындағы «Дала Қырандары» өкілдері.
Тәркіленген сұйықтық сараптамаға жіберілді, материалдар тиісті органдарға жолданды.
#Суррогат бастамасы аясындағы рейдтер еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.