Әлем

"Қайтыс болды" делінген 95 жастағы әже 6 күннен кейін табыттан шығып, асүйде тамақ әзірлеп кеткен

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Қайтыс болды" делінген 95 жастағы әже 6 күннен кейін табыттан шығып, асүйде тамақ әзірлеп кеткен
ашық дереккөзден

Қытайдың Бэйлю қаласында болған оқиға қорқынышты фильмнің көрінісін еске түсіреді. Алайда бұл – жергілікті тұрғындарды есеңгіреткен шынайы жағдай. 95 жастағы Ли Сюфэн есінен танып, қайтыс болды деп танылған. Бірақ алты күннен кейін ол тіріліп, көршілерін таңғалдырды, деп хабарлайды kznews.kz.

The Mirror басылымының жазуынша, Ли Сюфэн үйінде құлап, басынан ауыр жарақат алған. Оған күн сайын тамақ әкеліп, қарайласып жүрген көршісі Чэнь Цинъван әжені ес-түссіз күйде тауып алған.

"Оятуға тырыстым. Демін тексердім – тыныс алған жоқ. Бірақ денесі әлі жылы еді", – деп еске алады көршісі.

Әйелдің тірі екенін анықтай алмаған соң, жергілікті дәстүрге сай оның денесін табытқа салып, бірнеше күн үйде ұстаған. Бұл уақыт туыстары мен таныстарының қоштасуына арналған.

Жерлеу рәсіміне бір күн қалғанда Чэнь үйге қайта келгенде, табыттың бос тұрғанын көреді. Тұрғындар бастапқыда біреулер ұрлап кетті ме деп шошыған. Алайда көп ұзамай Ли Сюфэн ас үйде жайбарақат отырып, тамақ дайындап жүргені белгілі болды.

"Мен ұзақ ұйықтаппын. Көзімді ашып ояндым да, ас әзірлемек болдым. Табыттың қақпағын ұзақ итеріп, әрең шықтым", – дейді әже.

Бұл көрініс көршілерін қатты шошытқан, себебі оны барлығы қайтыс болды деп есептеген.

Медицина мамандары бұл жағдайды "жалған өлім" (мнимая смерть) деп түсіндірді. Мұндай кезде адамның тынысы мен жүрек соғысы өте әлсіз болып, байқалмай қалуы мүмкін, бірақ ағза тірі күйінде қалады.

Дегенмен оқиғаның салдары да болды. Ли Сюфэн табытта жатқан кезде көршілер дәстүр бойынша оның жеке заттарын өртеп жіберген. Олар бұл заттар марқұмды о дүниеде ілесіп жүруі тиіс деп санаған.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz