Бұл – Ресейдің жанжалдасушы тарап екенін ресми түрде мойындағаны
Ресей осындай қадамға барған соң, халықаралық қауымдастық тарапынан санкциялардың күшейетіні анық. Десе де, Батыстың Украина үшін әскерін жібермейтіні түсінікті. Бірақ көмекті үдете түседі. Вашингтон мен Брюссельде «Ресейдің қатысы – жанама, украиндықтар өзара келіссін» деген ұстаным да болған. Ресей енді өзінің қатысы барын тікелей мойындап отыр. Батыс енді саяси және экономикалық санкцияларын күшейтетін түрі бар. Қазірдің өзінде рубль бағамы құлдырай бастады. Ресей қор биржасындағы акциялары құлдырап барады. Ресейді әлемдік қаржы жүйесінен шығарып тастауы ықтимал. Бұл қаржылық тұрғыдан Ресей тас дәуіріне оралады деген сөз. Біздің теңге рубльге, жалпы Ресейдің экономикалық жүйесіне қаншалықты тәуелді екені белгілі. 2014 жылы рубльдің құны екі есе құнсызданған кезде теңге де 220-дан 400 теңгеге дейін бір-ақ құлдилады. Еуразиялық Экономикалық одақ аясында ұпайымыздың бірсыпырасы Ресейдің бақылауында. Сондықтан бізге де тәуекелдер бар. Меніңше, кең ауқымды соғыс болмайды. Ресей әскерін төгіп жатқанда Украинаның шабуылға бара қоюы неғайбыл. 2014 жылы Ресей соғыс салып, Украинаның 14 аймағын қосып алмақ болған әрекетінен ештеңе шыққан жоқ. Сол кездегі әлсіз Украина бұған төтеп бере алды. Қазір заманауи қару-жараққа ие Киев бұған мүлде жол бермейді. Әрі кетсе, арандатушылық әрекет, экономикалық диверсия болуы әбден мүмкін. Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы: Қазақстанға бұл саяси дағдарыстың ешқандай қатысы жоқРесейдің жағдайы 2014 жылдан бері мәз емес. Санкциялардың құрсауында. Сегіз жылдан бері өмір сүру деңгейі төмендеп барады. Наразылық күшею үстінде. Жақсы жаңалықтары жоқ. Ендеше оны қолдан жасау керек. Мұның үйреншікті әдісі бар. Ол – «Біз жау қоршауында тұрмыз. «Орыс әлемін» әрмен қарай да кеңейте бермекпіз. Әріде Қырымды алдық. Енді Донецкі пен Луганскіні қосып алмақпыз», – деп азаматтардың құлшынысын ояту. Путиннің төмендеп бара жатқан рейтингін қалпын келтірудің тағы бір әрекеті.
ДХР және ЛХР-ді (орысша атауы ЛНР, ДНР – ред.) танудың Қазақстанға керегі де жоқ. Меніңше, Ресейдің өзі де бізге ондай талап қоймайды. Екі-үш күн бұрын ғана Ресейдің лауазымды шенеуніктерінің өзі де «Донецкі пен Луганскі – украина жері» деп келді. Бүгін ғана өзгерді. Оның себебі, Ресей Донецкі мен Луганскіге әскер кіргізуін ресми түрде заңдастырмақ болды.Ресей Батыс мемлекеттері салатын санкцияларға дайын екенін мәлімдеп отыр. Қазақстанға бұл саяси дағдарыстың ешқандай қатысы жоқ. ҰҚШҰ – алты мемлекеттің ортақ қарулы күштері. Бірақ Донецкі мен Луганскінің бұл ұйымға қатысы мүлде жоқ. Бұл аймаққа Ресей тек қана өз әскерін кіргізбек.