Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сотталушы қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасау және пара алу сияқты бірқатар сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатына жатады және мемлекеттік қызметтің негіздеріне, сондай-ақ қоғамның сеніміне нұқсан келтіреді.
Мемлекеттік айыптаушы істі қысқартылған тәртіпте қарауды ескере отырып, заңда көзделген ең қатаң жазаны тағайындауды сұрады. Сот бұл ұстаныммен келісіп, сотталушыны 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға амнистия актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және тараптар оған апелляциялық тәртіпте шағымдана алады.