KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жаңа қызметке ие болды

• Қайсар Қанат
Фото: ҚР СІМ

Аталған ақпарат "Хабар" агенттігінің ресми сайтында жарияланған. Белгілі болғандай, компанияның жалғыз акционері тиісті шешімді 2026 жылғы 2 қазанда қабылдаған.

Айбек Смадияров №477-НҚ бұйрығына сәйкес агенттіктің директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланған. Ресми мәліметке сүйенсек, оның «Хабар» агенттігінде және компаниямен байланысты ұйымдарда акциялары немесе қатысу үлестері жоқ. Сондай-ақ агенттіктің жеткізушілері мен бәсекелес компанияларының да акцияларына иелік етпейді.

Айбек Смадияров туралы не белгілі?

Айбек Смадияров 1983 жылы дүниеге келген. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы бастап, кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жүйесінде түрлі қызметтер атқарды. Венгрия мен Вьетнамдағы дипломатиялық өкілдіктерде жұмыс істеген.

2018-2025 жылдар аралығында Сыртқы істер министрлігінің ақпарат және баспасөз қызметі саласында басшылық лауазымдарда болды.

2025 жылдың желтоқсанында Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Ал 2026 жылғы 29 қаңтарда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалған.

Айбек Смадияров I сыныпты Төтенше және Өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие. "Халық алғысы" және "Шапағат" медальдарымен марапатталған.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →