Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың құрылымы жасақталғаннан кейін Вице-президент пен Премьер-министр лауазымдарына кандидатуралар ұсынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституцияға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады.
– Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-президенттің және Премьер-министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін. Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа лауазым – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары да тағайындалатынын хабарлады.
Құрылтай мен Үкіметтің құрамы толық айқындалғаннан кейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялайды.
Президент Жолдауда көтерілген бастамаларды атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс екенін атап өтті.
– Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.