Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда орын алып отырған қыз алып қашу деректеріне қатысты қатаң ұстанымын білдірді. Президент бұл әрекетті адам құқықтарын өрескел бұзу деп атап, оны ешбір жағдайда ақтауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қыз алып қашудың мәнін ашып көрсетті.
«Қыз алып қашу — бұл адам ұрлау. Бұл – біздің ұлтымыздың абыройына нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның айтуынша, мұндай қатыгездікке қандай да бір себеппен жол беруге болмайды.
Президент қоғамда оң өзгерістер бар екенін де атап өтті.
«Жыл өткен сайын қоғамның сана-сезімі өсіп, азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді», – деді ол. Бұл үрдіс құқықтық мәдениетті нығайтуға және адам құқығын қорғауға бағытталған нақты істермен жалғасуы тиіс екенін жеткізді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы заңнаманың да қоғамдағы осы өзгерістерге сай болуы керектігін баса айтты.
«Заң мен тәртіп баршаға ортақ, еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қыз алып қашу сияқты қылмыстарға қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Адам қадірін қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеу – әділетті әрі қауіпсіз қоғам құрудың басты шарттарының бірі.