Экономист Бауыржан Ысқақ Президенттің биылғы Жолдауындағы маңызды бағыттардың бірі экономикалық дамуды халықтың күнделікті өмірімен байланыстыру екенін айтты. Оның пікірінше, экономиканың өсуі жалпы ішкі өнімнің артуымен ғана емес, азаматтардың сапалы медициналық көмекке, білімге, таза суға және қолайлы инфрақұрылымға қол жеткізуімен өлшенуі керек, деп хабарлайды kznews.kz
Экономист Жолдауда әлеуметтік салаға, әсіресе медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің еңбек жағдайына басымдық берілгеніне назар аударды.
«Бүгінгі Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі – экономикалық дамуды халықтың күнделікті өмірімен байланыстыру. Өйткені, экономиканың өсуі жалпы ішкі өнімнің артуымен ғана емес, азаматтардың сапалы медициналық көмекке, білімге, таза суға және қолайлы инфрақұрылымға қол жеткізуімен өлшенуі керек», – деді Бауыржан Ысқақ.
Медицина қызметкерлерінің жалақысы артады
Экономистің сөзінше, әлеуметтік бағыттағы маңызды тапсырмалардың бірі – учаскелік медициналық қызмет мамандарының жалақысын көтеру. Президент тапсырмасына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың еңбекақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген.
«Мысалы, Президент учаскелік медициналық қызмет мамандарының жалақысын 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысына әсер етуі мүмкін. Мұндай шешім алғашқы медициналық көмектің тартымдылығын арттырып, білікті кадрларды сақтауға ықпал ете алады деп айтуға болады», — деді экономист.
Оның пікірінше, медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру тек олардың табысын көбейтумен шектелмеуі керек. Бұл алғашқы медициналық көмек саласында білікті мамандарды ұстап қалуға және халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға да ықпал етуі мүмкін.
Мұғалімдердің жүктемесін азайту қажет
Бауыржан Ысқақ білім саласындағы маңызды мәселенің бірі ретінде мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту мен олардың құқықтарын қорғауды атады. Оның айтуынша, педагогтерге әкімшілік міндеттерді шамадан тыс жүктеу олардың негізгі жұмысына кедергі келтірмеуі керек.
«Екінші маңызды мәселе – мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтып, құқықтарын қорғау. Мұғалімнің негізгі міндеті – есеп беру емес, балаға сапалы білім беру. Сондықтан әкімшілік кедергілерді азайту білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болуы тиіс», — деді ол.
Экономистің пайымынша, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту — әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі. Өйткені бұл мамандардың жұмысы халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан оларға қосымша кедергілер туғызбай, кәсіби міндеттерін сапалы орындауға мүмкіндік беру қажет.
Ұлттық қор қаражаты халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсалуы керек
Экономист Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – Ұлттық қор қаражатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау мәселесі екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай шешімдердің тиімділігі бөлінген қаржы көлемімен ғана емес, халықтың өміріне әкелген нақты өзгерістерімен бағалануы керек.
«Үшіншіден, Ұлттық қор қаражатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау мәселесіне экономикалық тұрғыдан қарау қажет. Егер бүгін салынған аурухана ертең халыққа сапалы қызмет көрсетсе, мектеп білікті мамандар даярласа, ал газ бен су ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартса, бұл қаражаттың нақты қоғамдық қайтарымы болады», — деді Бауыржан Ысқақ.
Оның айтуынша, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалған қаражат халыққа нақты пайда әкелуі қажет. Мәселен, аурухананың салынуы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырса, мектептің жұмысы сапалы білім алуға жағдай жасаса, ал ауылдарға газ бен таза судың жеткізілуі тұрғындардың тұрмысын жақсартса, мұндай жобалардың қоғамдық маңызы айқын көрінеді.
Сонымен бірге экономист Ұлттық қор қаражатын пайдаланғанда болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті де ескеру керектігін атап өтті.
«Сонымен бірге Ұлттық қордың болашақ ұрпақ алдындағы міндетін де ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан, әрбір жобаның тиімділігі, құрылыс сапасы және бюджет қаражатының жұмсалуы қатаң бақылауда болуы керек», – деді ол.
Экономикалық өсімнің нәтижесін халық сезінуі керек
Бауыржан Ысқақтың пікірінше, Президент Жолдауындағы экономикалық міндеттердің басты мақсаты – мемлекеттік ресурстарды елдің ұзақ мерзімді дамуына және адами капиталды нығайтуға бағыттау. Бұл ретте қабылданған шешімдердің қағаз жүзінде қалмай, халықтың күнделікті өмірінде көрініс табуы маңызды.
«Қорыта айтатын болсақ, Жолдаудың басты экономикалық мәні – мемлекеттің ресурстарын адами капитал мен елдің ұзақ мерзімді дамуына бағыттауымен ерекшеленіп отыр. Ең маңыздысы – осы тапсырмалардың уақытында орындалып, нәтижесін әрбір азаматтың сезінуі», — деді экономист.
Ол Президенттің биылғы Жолдауында әлеуметтік бағытқа ерекше назар аударылғанын атап өтті. Әсіресе дәрігерлер мен ұстаздардың еңбегін бағалау, олардың жұмыс жағдайын жақсарту және сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік жасау мәселелері маңызды екенін жеткізді.
«Президент өзінің биылғы Жолдауында әлеуметтік бағытқа аса назар аударып, дәрігерлер мен ұстаздардың еңбектерін ескеріп, оларды әртүрлі қосымша жүктемелермен емес, керісінше, сапалы жұмыс жасауына мүмкіндік беретіндей бағыттарды айқындап көрсетіп берді деп айта аламын», — деп түйіндеді Бауыржан Ысқақ.