Танымал

Porsche, Escalade, BMW: ҚМА «стоматологиялық іс» бойынша тәркіленген элиталы көліктерді көрсетті

Porsche, Escalade, BMW: ҚМА «стоматологиялық іс» бойынша тәркіленген элиталы көліктерді көрсетті
Видеодан алынған скрин

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) Атырау облысындағы «стоматологиялық іс» бойынша тәркіленген мүлікті жария етті.

Бұған дейін ҚМА заңсыз түрде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) шығарылған қаражаттың жалпы көлемі 200 миллиард теңгеден асқанын мәлімдеген болатын. Тергеу барысында күдіктілер ұрланған қаржыға жалпы құны 600 миллион теңгеден асатын 15 премиум-класс автокөлікті (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade) сатып алғаны белгілі болды.

Сондай-ақ элиталық пәтерлер, коммерциялық нысандар, жер телімдері мен зергерлік бұйымдарға инвестиция құйған.

Фиктивті стоматологиялық клиникалар

ҚМА дерегінше, алаяқтар Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге де қалаларда 30-дан астам жалған стоматологиялық клиника ашқан. Шын мәнінде бұл ұйымдар тек құжат жүзінде ғана болған: ғимараттары, жабдықтары, білікті қызметкерлері болмаған, ал құрылтайшылардың медициналық білімі жоқ.

Күдіктілер жалған медициналық құжаттарды рәсімдеу үшін салымшылардан шешілетін қаражаттың 10-20 пайызын алып отырған.

Тергеу әрекеттері

Қазіргі таңда 59 тінту жүргізіліп, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылуда. Зейнетақы қаржысына алынған мүлікті іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Кейбір ақпарат құралдарында күдіктілердің қорғану құқығы бұзылды деген мәліметтер таратылған еді. ҚМА бұл деректерді жоққа шығарды.

– Барлық процессуалдық іс-шаралар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуде. Әрбір күдіктінің қорғаушысы бар, адвокаттардың өз клиенттеріне қол жеткізуіне ешқандай шектеу жоқ, – деп мәлімдеді агенттік.

Сонымен қатар ведомство егер тараптар тергеу іс-әрекеттерімен келіспесе, сотқа немесе прокуратураға жүгінуге құқылы екенін атап өтті.

200 миллиард теңге «тіс емдеуге» кеткен бе?

Айта кетейік, 9 қыркүйекте АФМ төрағасы Жанат Элиманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа БЖЗҚ қаржысын заңсыз қолма-қолға айналдырудың резонансты фактілері туралы баяндаған болатын. Агенттік стоматологиялық қызметтерді төлеу желеуімен 200 миллиард теңгенің негізсіз алынғанын анықтаған.

«Отбасы банкінің» дерегінше, 2021 жылдан 2025 жылғы тамызға дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы стоматологиялық қызметтер үшін 795 мыңнан астам транзакция жасалып, жалпы сомасы 757 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде 222 миллиард теңгеден астам қаржы елдің 20 жетекші клиникасына бағытталған, олардың жартысы Атырауда, қалғаны Алматы мен Астанада орналасқан. Тек Атыраудағы бір клиникаға азаматтар 22,9 миллиард теңге көлемінде зейнетақы қаражатын аударған.

Осыған байланысты 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалану туралы өтініштер қабылдау уақытша тоқтатылды. Кейін банк қайта қабылдау мерзімін жариялады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz