Алматыда компьютер клубына кеткен екі мектеп оқушысы пышақтан қаза тапты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Польша Қазақстан дипломатын тұтқын алмасу арқылы босатты

Польша Қазақстан дипломатын тұтқын алмасу арқылы босатты
Фотоиллюстрация: Kznews

Польшада тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған қазақстандық дипломат Ануар Бакибай тұтқын алмасу аясында босатылды, деп хабарлайды kznews.kz.

«Орда» басылымындағы мәліметке сәйкес, алмасу 28 сәуір күні Польша мен Беларусь шекарасында «беске бес» форматында өткен. Келіссөздерге бірнеше мемлекет қатысып, процесс шамамен бір жылға созылған.

Беларусь тарапы босатқан азаматтардың қатарында белгілі журналист Анджей Почобут пен католик монахы Гжегож Гавел бар. Ал Польша өз кезегінде Молдовада мемлекеттік сатқындық үшін сотталған Александр Бэлан мен ресейлік археолог Александр Бутягинді тапсырған.

Ануар Бакибай 2025 жылдың жазында Польшаның Быдгощ қаласында ұсталған болатын. Польша оның дипломатиялық қызметті бүркеніш етіп, барлау офицері ретінде жұмыс істегенін және Польша мен НАТО құрылымдарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін ақпарат жинағанын мәлімдеген.

Ресми дерек бойынша, Бакибай Қазақстанның Украинадағы елшілігінде әскери атташе көмекшісі қызметін атқарған. Оның дипломатиялық иммунитеті тек Украина аумағында ғана күшінде болғандықтан, Польшада ұстауға мүмкіндік туған. Елшілік қызметкерлері Украинаға тікелей әуе қатынасы болмағандықтан, Польша арқылы қатынап жүрген.

Бұған дейін «Орда» дереккөзі Бакибайдың жасы 30–35 шамасында екенін, екі баласы барын (оның бірі Киевте туған) хабарлаған. Ол Ресейдегі әскери оқу орнын тәмамдаған. Сондай-ақ Қазақстанның Украинадағы әскери атташесі Бақытжан Кисентаев оның ағасы екені айтылған.

Бұл іс халықаралық деңгейде резонанс тудырды. Қазақстандық азаматтық қоғам өкілдері Еуропарламент пен Еуропа Кеңесіне хат жолдап, оқиғаны Қазақстан арнайы қызметтерінің Кремльге тәуелділігінің дәлелі ретінде бағалаған.

«Бұл оқиға – біз жылдар бойы айтып келе жатқан мәселенің нақты көрінісі. Қазақстанның арнайы қызметтері Ресей құрылымдарының ықпалынан толық арылған жоқ», – делінген Қазақстан халықаралық адам құқықтары бюросының мәлімдемесінде.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Бакибайдың Қарулы күштер қатарында қызмет ететінін растағанымен, қосымша ақпарат бермеді. Ал Сыртқы істер министрлігі Варшавадағы елшіліктің Польша билігімен тұрақты байланыста болғанын хабарлады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл іске қатысты мәлімет жоқ екенін мәлімдеді.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.