Шымкентте есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 36 жастағы ер адам ұсталды. ІІМ мәліметінше, ол көпшілікке танымал асаба.
Ведомствоның хабарлауынша, Астана қаласының тұрғынын ұстау операциясы Шымкенттегі қонақүй кешендерінің бірінде жүргізілген.
Полицейлер ер адамның қонақүйдегі бөлмесін тінту кезінде ақ түсті ұнтақ тәрізді заты бар полимер пакет пен өсімдік тектес затты тауып, тәркілеген.
Сондай-ақ күдіктімен бірге әйел адамның болғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол интимдік қызмет көрсетуі мүмкін.
"Ұсталған азамат тәркіленген заттардың мефедрон және «мак» деп аталатын зат екенін, оларды жеке пайдалану үшін сатып алғанын түсіндірді. Тәркіленген заттардың нақты құрамы мен мөлшері анықталып жатыр", – деп хабарлады ІІМ.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жарияланбайды.