Аймақ

«Полицияны кім басқарса да бәрібір емес пе?» — Маңғыстауда арыз жазушылар жүзін көрсетпейді

KZNEWS KZNEWS
«Полицияны кім басқарса да бәрібір емес пе?» — Маңғыстауда арыз жазушылар жүзін көрсетпейді

Қоғам белсендісі, журналист Жәнібек Қожық Маңғыстау өңіріндегі домалақ арыз жазушыларды сынап, жұмыс істеп жатқан азаматтарға кедергі келтіріп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.

Ол Фейсбуктегі парақшасында Маңғыстау облыстық полиция департаментінің басшысы Сағындық Аяғановтың аяғынан шалғысы келетіндерді сынап жазды. Полиция генералының үстінен Президентке, Ішкі істер министріне домалақ арыз жазып, WhatsApp арқылы елге таратқандарға жұмыс көрсеткіші жоғары басшыны құрметтеуге шақырды.

Журналистің әлеуметтік желідегі жазбасын толық осында жариялауды жөн санадық.

ӨСЕР ЕЛДІҢ БАЛАСЫ 

Халқымызда «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дер» деген атадан жеткен өсиет бар.

Бұл — ел болам десең, елім деген азаматтарды қолдап, қорғау керек дегенді білдіреді.

Алайда соңғы кезде елдің көшін бастайды-ау деген өз азаматтарымыздың аяғынан шалу, өсек тарату, жасырын домалақ арыз жазу әрекеттері көбейіп бара жатқаны жасырын емес.

1937 жылғы зобалаңда Алаштың 25 мыңға жуық зиялы азаматтары атылды.

Қасымыздағы өзбек, қырғыз, түрікмен елдерінде мұндай қырғын біздің елдегідей болған жоқ.

Қазақты қазаққа айдап салып, «елім» деген азаматтардың үстінен домалақ арыз жазып, құртты.

Сонда қазақты қырған да, сатқан да, атқан да — өз қазағымыз болып шықты.

Содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтті.

Алайда соңғы жылдары азаматтардың үстінен домалақ арыз жазу, жалған әрі фейк ақпарат тарату, аяқтан шалу  қайтадан көбейіп барады.

Соңғы кездері мұндай науқан Маңғыстау өңірінде де байқалып отыр.

Менің өзім Маңғыстауда жазықсыз жала жабылған талай азаматқа араша түстім.

Себебі қарапайым халық ақ пен қараны, өтірік пен жаланы айыра білуі керек.

Кім болса да нақақ жала жабу, сыртынан өсек тарату — жақсы емес.

Егер шындық болса, басыңды шауып тастайтын болса да, бетіне ашық айту керек.

ДОМАЛАҚ АРЫЗ ЖАЛҒАН БОЛЫП ШЫҚТЫ

Өткенде Маңғыстау облыстық полиция департаментінің басшысы  Сағындық Аяғановтың үстінен Президентке, ішкі істер министріне домалақ арыз жазылып, WhatsApp арқылы елге таратылды.

Біреу сенді, біреу сенбеді. Маңғыстауда гу-гу өсек әңгіме тарады. Бірақ арыз жазған адамның аты-жөні жоқ.

Заң бойынша жалған, анонимді домалақ арызды қарауға да, қарамауға да болады.

Алайда Сағындық Аяғанов бұл арызды тексеру үшін оны республикадағы барлық құқық қорғау органдарына жолдады.

Астанадан арнайы комиссия келіп, Ақтауда тәуелсіз азаматтарды қатыстыра отырып, жан-жақты тексеріс жүргізді.

Нәтижесінде, арнайы комиссия домалақ арызда көрсетілген айыптардың бәрі жалған екенін анықтады.

Егер арызда жазылғандар ақиқат болса Аяғановты ешкім аяп қалмас еді.

Оны қызметтен алып, өз адамдарын отырғыза қою — қиын шаруа емес.

МАҢҒЫСТАУДАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ПОЛИЦИЯ ГЕНЕРАЛЫ

«Маңғыстау облысы құрылғанына 50 жылдан асса да, жергілікті бірде-бір кадр облыстық полиция басқармасын басқарған жоқ.

Маңғыстау тарихында бір де бір полиция генералы шыққан жоқ» деп арнайы ашық хат жолдадым.

Бұл — руға немесе жершілдікке бөлу емес, әділдік болсын деген ұсыныс еді.

Сол кезде кейбіреулер:

«Полицияны кім басқарса да бәрібір емес пе? Қылмыс бәрібір азаймайды» деп пікір жазатын.

МАҢҒЫСТАУДА ҚЫЛМЫС КӨРСЕТКІШТЕРІ ТӨМЕНДЕДІ

Сағындық Аяғанов Маңғыстау облыстық полиция департаментінің басшысы болып тағайындалғалы бері өңірде қылмыс айтарлықтай азайды.

Нақты деректерге тоқталайық:

1. Онша ауыр емес қылмыстар — –7,5% (451 - 417);

2. Орташа ауыр қылмыстар — –21,7% (715 - 560);

3.  Ауыр қылмыстар —10,5% (910 -814);

4. Аса ауыр қылмыстар 71% (100 -29);

5. Адам өлтіру — 45,5% (22 → 12);

6. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру  –17,6% (51 -42);

7. Зорлау  –25% (16 → 12);

8. Тонау — 34,2% (38 → 25);

9. Алаяқтық  –15,2% (895-759)

10. Көлікті айдап әкету 16,7% (18 -15);

11. Бұзақылық - 9,7% (103 → 93);

12. Ұрлық  –34,5% (388 -254).

Бұл көрсеткіш қылмыс түгел жойылды деген емес, қылмыс азайды дегенді білдіреді.

Болмаса Маңғыстау облысының халқы да, өңірге келетін туристер саны да жылдан-жылға артып отыр.

Бұл — ұзақ жылдардан бері Маңғыстау полиция департаменті жеткен ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Полицияның ішінде адал қызметкерлер де, өкінішке қарай, жаман кадрлар да бары аян.

«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген.

Сондықтан полиция қатарын сондай кадрлардан тазарту қажет.

Сонымен бірге жазықсыз азаматтарға жала жауып, үстінен домалақ арыз жазып, өсек ақпарат таратып жүргендерді аяуға болмайды.

Бүгін Сағындыққа, ертең саған, арғы күні басқаға жала жабылуы мүмкін.

Бағалай білмеген елге бақ қонбас деген, сондықтан бір-бірімізді бағалап, құрметтеп жүрейік.

Жәнібек Қожық

Маңғыстау облысы,

Онды ауылы

22.12.2025 ж

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz