KZNews.kz
Әлем

Қылмыскерді ұстау үшін полиция «арыстан биі» костюмін киіп, көпшіліктің арасына кіріп би билеген

Дархан Тоқан
kznews.kz коллажы

Тайландтың Бангкок маңындағы Нонтхабури провинциясында полиция қызметкерлері күдіктіні ұстаудың күтпеген тәсілін қолданды. Олар Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылға арналған жәрмеңкеде дәстүрлі “арыстан биін” билейтін топ болып киініп, көпшіліктің арасына кіріп өнер көрсеткен, деп хабарлайды kznews.kz.

Жергілікті полицияның мәліметінше, ұсталғын 33 жастағы ер адам бұған дейін бірнеше рет қолға түспей кеткен. Ол өзін іздеп жүрген тәртіп сақшыларын алыстан аңғарып, қашып үлгеретін болған.

Күдікті Бангкоктағы полиция басшыларының бірінің үйіне бірнеше мәрте ұрлыққа түсті деген айыпқа ілінген. Алдын ала есеп бойынша, ұрланған заттардың жалпы құны шамамен 2 млн бат (шамамен 64 мың доллар) болған.

Тергеу барысында полиция күдіктіні сатылған діни тұмар-әшекейлердің ізі арқылы анықтағанын айтады. Кейін оның Нонтхабуридегі ғибадатханаларға жиі келетінін біліп, дәл сол жерде өтетін мерекелік шараны “жасырын операция” үшін ыңғайлы сәт деп таңдаған.

Операция сәті түсірілген видеода екі полицейдің қызыл-сары “арыстан” костюмінің ішінде билеп келе жатып, күдіктіге жақындағаны, артынша күтпеген жерден ұстап алғаны көрінеді.

Кей деректерде күдіктінің ұрлықты есірткі мен құмар ойынға ақша табу үшін жасағанын мойындағаны, бұған дейін де ұқсас құқықбұзушылықтары болғаны айтылады.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →