Петропавл қаласында тұрмыстық жанжал салдарынан 51 жастағы ер адам көз жұмды. Қайғылы оқиға 31 желтоқсан күні таңертең Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан жеке үйлердің бірінде тіркелген. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала дерекке сәйкес, 43 жастағы әйел мен оның азаматтық жұбайы алкогольдік ішімдік ішіп отырған кезде араларында жанжал туындаған. Қақтығыс барысында ер адам пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қаза тапқан.
Әйелдің айтуынша, дау кезінде ер адам пышақты өзі ұстаған. Алайда ол қаруды жұлып алып, соққы жасаған. Қазіргі таңда бұл деректер тергеу барысында тексеріліп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.