Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алматыдағы қымбат үйге қатысты тараған ақпаратқа жауап берді. Оның айтуынша, бұл мәселенің «Ақ жол» партиясы төрағасы қызметінен кетуімен ешқандай байланысы жоқ, деп хабарлайды kznews.kz.
Парламент кулуарында журналистер депутаттан Алматыда құны 800 млн теңге болатын коттедж салды деген ақпараттың қаншалықты рас екенін сұрады. Сондай-ақ БАҚ өкілдері Қаржылық мониторинг агенттігі аталған мүлікке қатысты тексеру жүргізіп жатыр деген әңгімеге қатысты пікір білдіруді өтінді.
Азат Перуашев мұндай мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, ақпаратты жоққа шығарды.
Депутаттың сөзінше, Алматы қаласында жұбайы тұрғын үй сатып алған. Қазіргі уақытта онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда ол үйдің құны 800 млн теңге емес екенін ерекше атап өтті.
«Жұбайым Алматыдан үй сатып алды, қазір жөндеу жүргізіп жатыр. Бірақ оның бағасы 800 млн теңге емес», – деді Азат Перуашев.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігі бұл мүлікке байланысты тексеру бастағаны жөніндегі сұраққа депутат нақты мәліметі жоқ екенін айтты.
Еске салайық, бұған дейін Азат Перуашев өз еркімен «Ақ жол» партиясы төрағасы қызметінен кеткен болатын. Кейін партияның жаңа төрағасы болып Дания Еспаева сайланды.