- Газет ұжымы сол кездегі газет редакторы Мұхит Омаровтың бастамасымен 2008 жылдан бастап тоғызқұмалақтан жыл сайын дәстүрлі турнир өткізіп келеді. Алғашында қатысушылар саны 180 болса, бүгінгі күні турнирге жер-жерден 418 тоғызқұмалақшы келді. Өңірдің барлық ауылдарынан, еліміздің әр өңірінен, Ауғанстан, Әзербайжан, Қытай, Моңғолия, Түркия елдерінің тоғызқұмалақшылары қатысып, турнирді халықаралық деңгейге көтерді, - дейді газеттің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.
Ал, Моңғолияның Тоғызқұмалақ федерациясы Павлодарға жарысқа баратын тоғызқұмалақшылар арасында арнайы іріктеу өткізіпті. Жарыс кезінде Заманбек Қожаниязұлы бастап келген Баян Өлгейлік 11 ойыншы тоғызқұмалақ ойнауда бар шеберліктерін салды.
Шараның жабылу рәсіміне Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев қатысты.
- Жергілікті жерде өткізілетін турнирдің Халықаралық деңгейге көтеріліп келе жатқандығы қуантады. Екіншіден, 400 ден аса тоғызқұмалақшыға төрелік ету де үлкен жауапкершілік. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты 5 топқа бөлініп, жарысқа қатысты. Соңында 60 тоғызқұмалақшы жүлдеге ие болса, «Ең жас ойыншы» аталымын семейлік 5 жастағы Ердос Берікқанов иеленді, -дейді Дастан Қапаев.
Турнир нәтижесінде павлодарлық тоғызқұмалақшылар топ жарды. Қырғызстанда өткен «III Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында» тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаев бастаған тоғызқұмалақшылар алтыннан алқа тақты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген: Дархан Өмірзақов