KZNEWS.KZ
Аймақ

Павлодарда тіс емдетуге барған 3 жасар қыз комаға түсті

• Асқар Алтайұлы
Фото: kznews

Баланың туыстары емдеу кезінде дәрігер тиісті медициналық көмек көрсетпегенін алға тартады. Қазір бүлдіршін жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, деп хабарлайды kznews.kz.

Оқиға 21 қазанда болған. Үш жасар қызды анасы тісін емдету үшін стоматологиялық клиникаға алып барған. Алайда емдеу барысында баланың тыныс алуы қиындап, жағдайы күрт нашарлаған.

Бұл туралы бүлдіршіннің туысы әлеуметтік желіде мәлімдеді. Оның айтуынша, анасы қызының жағдайы нашарлағанын байқап, дәрігерге бірнеше рет ескерткен. Алайда дәрігер емдеу шарасын тоқтатпай, бәрі жақсы болатынын айтқан көрінеді.

«Бала есінен танып, аузынан көбік шыққан. Дәрігер медициналық көмек көрсетудің орнына шетке шығып, еш әрекет жасамаған. Соның салдарынан қымбат уақыт жоғалды. Балаға қандай ем жүргізілгені, қандай дәрі енгізілгені де белгісіз», – дейді қыздың туысы. Оның сөзін tipavlo.dar парақшасы жариялаған.

Туыстарының мәліметінше, жедел жәрдемді баланың анасы бірнеше рет талап еткеннен кейін көрші кабинеттегі медбике шақырған.

Ауруханаға бара жатқан жолда бүлдіршіннің жүрегі тоқтап қалған. Кейін медициналық мекемеде жүрек қызметінің тоқтауы тағы қайталанған.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, бала ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.

Қазір үш жасар қыз жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қарқынды ем жүргізіп жатыр.

22 қазанда Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығы және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық мамандарының қатысуымен телемедициналық консультация ұйымдастырылған. Мамандар баланы әрі қарай емдеу тактикасын келіскен.

Ауруханада күн сайын дәрігерлер консилиумы өткізіліп, бүлдіршіннің жағдайы бақылауда ұсталып отыр. Оқиғаны Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке бақылауына алған.

Әзірге баланың жағдайының күрт нашарлауына нақты не себеп болғаны белгісіз. Туыстарының дәрігер әрекетіне қатысты айтқан айыптаулары ресми түрде расталған жоқ. Стоматологиялық клиниканың ұстанымы мен оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат берілмеген.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →