Павлодар облысында ерекше қатыгездікпен байланысты резонанстық оқиға тіркелді. Қарт әйел екі адамның мәйітін екі жыл бойы үйінде сақтап келгені анықталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдардың денелері бір аулада орналасқан екі тұрғын үйден табылған. Үйлердің бірінде қария алты жасар қызбен бірге тұрған.
Қыз бала Майқайың кентіндегі ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, табылған мәйіттер қарияның күйеуі мен қызына, яғни аталған баланың анасына тиесілі болуы мүмкін.
Анықталғандай, қария шамамен екі жыл бұрын марқұмдарды жерлемей, олардың денесін үйде қалдырған. Шіру процесін баяулату мақсатында мәйіттерді бал мен май арқылы өңдеп отырған.
Осы дерекке байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Бұған дейін хабарланғандай, іс «мәйіттерге және жерлеу орындарына зұлымдық жасау» және «алаяқтық» баптары бойынша тергеліп жатыр.
Полиция мәліметінше, күдікті – қарт әйел мен оның қызы құқық қорғау органдарына жеткізіліп, тиісті сараптамаларға жіберілген.
«Қазіргі уақытта сот-психологиялық және психиатриялық сараптамалар жүргізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Қазір екі әйел де психиатриялық диспансерде ем қабылдап жатыр.
Аталған баптар бойынша жаза 3 мың АЕК-тен басталатын айыппұлды (шамамен 12 975 000 теңге) немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Күдіктінің алты жасар немересі қазіргі уақытта Екібастұз қаласындағы «Үміт» балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Ол наурыз айынан бері мектепке дейінгі даярлық сыныбына барып жүр.