Павлодарда “қайтыс болғандарды емдеп”, ер адамдарды гинекологқа жіберген, деп хабарлайды kznews.kz.
Павлодар қаласының прокурорлары халыққа медициналық көмек көрсетуге арналған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың бюджет қаражаты мен активтерінің жұмсалуына жүргізілген тексеру барысында жалған қызмет көрсету фактілерін анықтады.
Мысалы, невропатолог, кардиолог, хирург, психолог және басқа да тар бейінді мамандар қайтыс болған адамдарды "қабылдап", акушер-гинеколог дәрігердің консультациялары ер адамдарға «көрсетілген». Емдеу қызметтерін қайталау арқылы қосарланған төлем жасау жағдайлары тіркелді.
Сондай-ақ тиісті маман сертификаттарымен рұқсат құжаттары жоқ тұлғалардың халыққа медициналық көмек көрсеткені анықталды.
"Қадағалау актілері бойынша заңбұзушылықтарды жою, рұқсат беру құжаттарын алу және кінәлі тұлғаларды заңнамада белгіленген жауаптылыққа тарту жұмыстары жүргізілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде 100 млн теңгеден астам сомаға келтірілген залалдың өтелуі қамтамасыз етілді", - делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Сот қарауында медицина саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру арқылы 62 млн теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты жымқыру және 41 млн теңге көлемінде мемлекетке залал келтіру фактілері бойынша екі қылмыстық іс бар.