Павлодар облысында бұрын 34 миллион теңгеге жөнделген қалқымалы көпірі қайтадан су астында қалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға Ақсу ауылдық аймағына қарасты Көктас ауылы маңында болған. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіге жариялаған видеодан көктемгі тасқыннан кейін көпірдің толықтай суға кеткенін көруге болады.
Видео авторының айтуынша, өткен жылы жөндеуден өткен көпір биыл да жарамсыз күйге түскен.
«Өткен жылы жөнделген жалғыз өткел – көпір қайтадан суға кетті. Тасқыннан кейін сол күйі жатыр. Әкімге бірнеше рет айттық, ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Биыл қысты қалай өткереміз, білмейміз. Тұрғындар көмек сұрап отыр, әкімдік әрекетсіз», – дейді ол.
Бела өзені арқылы өтетін бұл қалқымалы көпірі 2006 жылы орнатылған. Ол төрт ауылдың тұрғындары үшін мал жайылымына жету және мал азығын дайындауда маңызды өткел болып есептеледі. Сондай-ақ жоғары вольтты электр желілеріне қызмет көрсететін энергетиктер де осы көпір арқылы өтеді.
Мәселе бұрын да бірнеше рет қайталанған. 2024 жылы шенеуніктер көпірді алмастыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлінетінін айтқан. Алайда 2026 жылғы көктемде жағдай қайта ушығып, дәнекер тігістерінің ажырауы мен конструкциялардың тозуы анықталғаннан кейін көпір тағы да суға кеткен.
Ақсу қаласы әкімдігі бұл жағдай бойынша мердігер ұйымды сот арқылы кепілдік міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу үшін талап-арыз берілгенін хабарлады. Кейін тараптар медиативтік келісімге келген.
«СтройЭталон» ЖШС көпірді 25 шілдеге дейін қалпына келтіруге міндеттелді.
Қалпына келтіру жұмыстары кепілдік міндеттемелер аясында жүргізіледі.