KZNews.kz
Аймақ

Павлодар облысынан халық неге кетіп жатыр: өңір әкімі себебін айтты

Жарқын Омаров
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірден халықтың көшуі мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, бұл облыс үшін өзекті әрі күрделі жүйелі проблема.

Әкімнің мәліметінше, биылғы жылдың 10 айында өңірден 32 мың адам көшіп кеткен, ал 24,5 мың адам көшіп келген. Осылайша, таза көші-қон шығыны шамамен 8 мың адамды құрайды.

Халықтың көшіп кетуінің негізгі себептерінің бірі ретінде өңірдегі экологиялық ахуал аталды. Павлодар облысы ел бойынша зиянды шығарындылар көлемі жағынан бірінші орында тұр. Жалпы 2,1 млн тонна қатты бөлшек шығарындысының 30 пайызы, яғни шамамен 700 мың тоннасы осы өңірге тиесілі. Оның 400 мың тоннасы Екібастұз қаласына тиесілі.

Сондай-ақ әкім жастардың Ресейге оқуға кетуі де көші-қонға әсер етіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, мектеп түлектерінің 50–60 пайызы оқуын аяқтағаннан кейін сол елде қалып қояды.

Халық санын тұрақтандыру үшін облысқа еңбек ресурсы артық оңтүстік өңірлерден қоныс аудару бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде Павлодар облысына 5 500 адам және шамамен 1 500 қандас қоныстанған.

Әкім өңірде халық санының азаюы бар екенін мойындап, бұл бағытта жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары