Қоғам

Патриотизм – өмір салты: «Жаңа адамдар» жаңа Qazaqstan мерч топтамасын таныстырды

Патриотизм – өмір салты: «Жаңа адамдар» жаңа Qazaqstan мерч топтамасын таныстырды
Жаңа адамдар

«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы патриотизм мен заманауи стильді ұштастырған жаңа Qazaqstan мерч топтамасын ұсынды. Жаңа коллекция азаматтық жауапкершілікті, жаңашылдықты және елге деген сүйіспеншілікті бейнелейді.

Жаңа топтаманың басты идеясы – патриотизмді күнделікті өмірдің бөлігіне айналдыру. Ұйым өкілдерінің айтуынша, Qazaqstan футболкалары жеке «Мен» мен ел арасындағы шекараның жоқ екенін көрсетеді. Оны киген әр адам «Өзгеріс меннен басталады» деген қағиданы ұстанатынын білдіреді.

«Жаңа адамдар» қозғалысының дизайнері Әділжан Багдатовтың айтуынша, жаңа топтама минимализм мен әмбебап стиль қағидаларына негізделген.

– Әмбебаптық пен үйлесімділікті айқындайтын сабырлы реңктер таңдалды. Футболканың мақсаты – патриотизм мен Қазақстанның бірегей болмысын қарапайым, бірақ әсерлі форма арқылы жеткізу. Бұл киім кез келген ортада, кез келген ауа райында, әлемнің кез келген нүктесінде үйлесім таба алады, – деді ол.

Қозғалыс белсенділері бүгінде Қазақстанның 19 ірі қаласында азаматтық бастамаларды жүзеге асырып, жаңа кейстермен жұмыс істеп келеді. Олар мерч киімін азаматтық сананың жаңа мәдениетінің символы деп санайды.

– Мен біреу өмірімді өзгертеді деп күтпеймін, айналамда болып жатқан нәрселерге өзім жауаптымын. Мен жай ғана Қазақстанда өмір сүрмеймін – мен Қазақстанмын: әр ісімде, сөзімде және шешімімде. Осы мағынаны біз жаңа мерч топтамасын жасауда басшылыққа алдық, – деді дизайнер Алмас Амир.

«Жаңа адамдар» қозғалысы азаматтарды өз қалаларындағы Кампустарға келіп, қозғалысқа қосылуға шақырады. Қозғалыстың өкілдіктері Астана, Алматы, Шымкент және өзге өңірлердің ірі қалаларында орналасқан.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz