Полицияға көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен жағымсыз иіс шығып жатқаны туралы хабарлама түскеннен кейін тәртіп сақшылары оқиға орнына барған. Алайда есікті ашқан сәтте олар күтпеген әрі жан түршігерлік көрініске тап болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Пәтерді тексеру барысында шамамен үш жыл бұрын қайтыс болған адамға тиесілі сүйек қалдықтары анықталған. Сондай-ақ тұрғын үйдің ішінен бірнеше мысықтың сүйектері де табылды.
Оқиғаның ең жұмбақ тұстарының бірі – пәтердегі радиоқабылдағыштың осы уақытқа дейін тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғаны. Оның үш жыл бойы қалай үздіксіз қосулы болғаны әзірге белгісіз. Бұл жайтты құқық қорғау органдары тексеру барысында анықтайтын болады.
Аталған оқиға қоғамда көптеген сауал туындатты. Алдын ала мәлімет бойынша, адамның үш жыл бойы көзден таса болғанын ешкім байқамаған. Сондай-ақ көршілердің де ұзақ уақыт бойы пәтердегі жағдайға назар аудармағаны айтылып отыр.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары марқұмның жеке басын, өлімнің нақты себебі мен уақытын, сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қосымша ақпарат жарияланатын болады.