Президент Тоқаев Армения Премьер-министрі Пашинянді сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянды «Азаматтық келісім» партиясының парламенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Халықаралық байқаушылардың алдын ала бағалауынша, сайлау Арменияның қолданыстағы заңнамасына сәйкес өтіп, азаматтардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдай қамтамасыз етілген.
Сайлаудың алдын ала қорытындысына сәйкес, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян жетекшілік ететін «Азаматтық келісім» партиясы сайлаушылардың 50,07 пайыз дауысын жинап, жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясы бюллетеньдердің 94 пайызы саналғаннан кейін осындай мәлімет жариялады.
Екінші орынға ресейлік кәсіпкер Самвел Карапетян қолдайтын «Күшті Армения» альянсы шығып, 23,35 пайыз дауыс алды. Ал Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян басқаратын «Армения» блогы 9,96 пайызбен үшінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар «Гүлденген Армения» партиясы 3,99 пайыз, ал «Бірлік қанаттары» партиясы 2,28 пайыз дауыс жинады.
Осылайша, 8 маусым таңындағы алдын ала нәтижелер бойынша Арменияның жаңа парламентінде үш саяси күш – «Азаматтық келісім», «Күшті Армения» және «Армения» блогы өкілдік етпек. Халықаралық бақылаушылардың алдын ала бағалауынша, сайлау елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес өтіп, азаматтардың еркін таңдау жасауына мүмкіндік берілген. Сарапшылар бұл нәтижені Никол Пашинян бастаған билік командасының жүргізіп отырған ішкі реформалары мен сыртқы саяси бағытына қоғам тарапынан берілген қолдау ретінде бағалап отыр.
Президент құттықтау жеделхатында Никол Пашинянға Арменияның ұзақмерзімді ұлттық мүдделерін жүзеге асыру жолындағы қызметіне табыс тіледі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның достас Армениямен саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы армян халқына мемлекеттілікті нығайту жолында табыс, бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.