Атырауда әйел кәмелетке толмаған қызын интернетте қорқытып, одан интимдік бейнежазбалар талап еткен ер адамды әшкереледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақпаратқа сәйкес, 12 жастағы қыз “Дайвинчик” әлеуметтік желісінде Аза есімді қолданушымен танысқан. Анкетасында оның жасы 15 пен 18 жас аралығында деп көрсетілгенімен, кейін бұл адамның шын мәнінде ересек екені анықталған.
Біраз уақыт өткен соң ер адам қыздан ашық сипаттағы бейнематериалдар жіберуді сұрай бастаған. Қыз бас тартқан кезде, ол бұрын алған фотосуреттерін таратамын деп қорқытқан. Осылайша жасөспірімге қысым көрсетіп, оны өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізе жаздаған. Алайда қуанышқа орай, қыз қайғылы қадамға бармас бұрын анасына аудиохабарлама жіберіп үлгерген. Соның арқасында ол аман қалды.
Әйел 102 қызметіне жүгініп, дәлел ретінде хат алмасуларды, қорқыту хабарламаларын, сондай-ақ видео мен фотосуреттерді ұсынған. Алайда хат алмасу жүргізілген әлеуметтік желіде қолданушының жеке басын тексеру қарастырылмағандықтан, полиция қызметкерлері анасына интернет арқылы ол адамды табу мүмкін емес екенін айтып, арыз қабылдаудан бас тартқан.
Содан кейін әйел мәселені өз бетінше шешуге бел буған. Ол сол танысу желісіне тіркеліп, өзін 13 жастағы қыз деп көрсеткен. Көп ұзамай іздеген Аза есімді қолданушының анкетасын тауып алады. Бірнеше күннен кейін өзін жасөспірім етіп көрсеткен екі ересек адам кездесуге келіседі.
Кездесуге қыздың анасының туысы барған. Әйелді кездесуге апарған такси жүргізушісі жағдайды білген соң көмектесуге өзі ұсыныс білдірген көрінеді.
Көліктен қыз емес, орта жастағы әйел түскенін көрген бопсалаушы бәрін түсініп, қаша жөнелген. Такси жүргізушісі де абдырап қалмай, бірден оның соңынан қуып, оны қолға түсірген. Кейін ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 121-1-бабы (“16 жасқа толмаған адамға, соның ішінде интернет арқылы сексуалдық сипаттағы ұсыныстар жасау немесе қудалау”) бойынша іс қозғалған.
Алайда сот талқылауы барысында оның әрекеттері бұдан да ауыр қылмыстың белгілерін қамтуы мүмкін екені анықталған. Себебі ол тек интимдік ұсыныстар жасап қоймай, қызды қорқытып, оны өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізе жаздаған. Осыған байланысты сот бұл істе неғұрлым ауыр қылмыс белгілері болуы мүмкін деген қорытындыға келіп, соталды тергеу жүргізу мәселесін шешу үшін материалдарды Атырау қаласының прокурорына жолдаған.
Айта кетейік, бұл іс бір жылға жуық уақыттан бері қаралып келеді. Ал күдікті әзірге бостандықта жүр: оған тергеу немесе сот шақырғанда келу міндеті ғана жүктелген.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте мұғалім 7 жасар оқушы қыздың денесіне қол жүгіртіп, күш қолданғаны хабарланған еді.