Елімізде ауыл шаруашылығына қажетті машиналар өндірісі кезең-кезеңімен жолға қойып келеді екен.
Бұл саясаттың негізгі бағыты тек дайын техниканы импорттау емес, әлемдік өндірушілердің өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру болып отыр. Жалпы, агротехниканың танымал брендтерін ел аумағында құрастыру мен жасау өндірісі 2019 жылдан басталды. Содан бері елімізде дөңгелекті тракторлар, астық және жемшөп жинайтын комбайндар, орақты механизмдер, топырақ өңдеу машиналары, сепкіштер мен егіс кешендері сияқты техникалар шығарыла бастады.
Бұл бағытқа әлемдік ауыл шаруашылығы техникасы өндірушілері де тартыла бастады. 2025 жылғы сәуірде америкалық John Deere техникасын шығару қолға алынды. Компаниямен ұзақ мерзімді өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы 2,5 млрд долларлық стратегиялық келісім жасалған. 2025 жылы Қазақстанда осы брендтің 430 техникасы өндірілді.
Ал биыл өндірісті жергіліктендіруге Еуропа, Канада және Солтүстік Американың бірқатар ірі компаниясы қосылды. Олардың қатарында Väderstad, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Vervaet, Kuhn Group және Brandt Agricultural Products сияқты алпауыттар бар. Соның нәтижесінде Қазақстанда тракторлар мен астық, жемшөп және мақта жинайтын комбайндар, сондай-ақ өзге де ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын 10 зауыт жұмыс істеп тұр.
Өндірістің көлемі де артып келеді. 2025 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын шығару 22 пайызға өсті. Ал биыл кәсіпорындар шамамен 10 мың бірлік техника шығаруды жоспарлап отыр.
Бұл өндірістің маңызы тек ішкі нарықты техникамен қамтамасыз етумен шектелмейді. Жергілікті өндірістің кеңеюі қосалқы бөлшектер мен сервистік қызмет көрсету жүйесін дамытуға, жаңа өндірістік құзыреттер қалыптастыруға және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласына инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар техника паркінің жаңаруы тікелей егін өнімділігіне әсер ететін факторлардың біріне айналып отыр. 2026 жылғы егіс науқаны кезінде Қазақстанда 130,8 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мың техника пайдаланылады. Олардың ішінде жеңілдікті лизинг бағдарламасы іске қосылғалы бері шаруалар сатып алған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн бар.
Осы тұрғыдан алғанда, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру агроөнеркәсіптік саясаттың жеке бағыты ғана емес. Ол егістіктегі еңбек өнімділігін арттырудан бастап, ауыл шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын төмендету, өңдеу көлемін ұлғайту және экспортқа бағдарланған агроөндірісті қалыптастыруға дейінгі бүкіл тізбектің техникалық негізін құрайды.