Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рухани бауырластықтың символына айналған жаңа мешіт ашылды. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жаңа құлшылық орнын аралап көріп, сәулеттік ерекшеліктерімен танысты. Заманауи технологиялар мен дәстүрлі ислам мәдениеті үйлескен мешіт Өзбекстанның қазақ халқына жасаған тартуы ретінде бой көтерді, деп хабарлайды kznews.kz.
Екі ел басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыс пен рухани ынтымақтастықтың символына айналған құлшылық үйінің сәулетімен және ішкі құрылымымен танысты. Мешіттің орталық залында Құран бағышталып, дұға оқылды.

Жаңа мешіт Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркістан тұрғындары мен барша қазақстандықтарға жасаған тартуы ретінде бой көтерген.
Ғимараттың сәулетінде дәстүрлі ислам мәдениетінің элементтері заманауи құрылыс технологияларымен үйлестірілген. Қасбеті мен ішкі интерьері ұлттық ою-өрнектермен және мұсылман каллиграфиясымен безендірілген. Ал мешіт мұнараларының биіктігі 61 метрге жетеді.
Сондай-ақ құлшылық орны заманауи инженерлік жүйелермен толық жабдықталған. Мешіт аумағында жарықтандыру жүйелері орнатылып, демалыс аймақтары мен субұрқақтар салынған.

