KZNews.kz
Жаңалықтар

"Өз үйінде өлтіріп, мәйітті қорлаған": Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты сұмдық деректер шықты

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Атырауда NCOC компаниясының менеджері Бибігүл Шпанованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Арман Жетпісов үкімді жеңілдету жөніндегі үміті ақталмады, деп хабарлайды kznews.kz.

Атырау облыстық соты сотталушының апелляциялық шағымын қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты. Нәтижесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім өзгеріссіз қалды және заңды күшіне енді.

Қанды қылмыс өткен жылдың көктемінде Атырау қаласындағы Французский квартал тұрғын үй кешенінде болған. Тергеу деректеріне сәйкес, Жетпісов аталған кешенде слесарь-сантехник болып жұмыс істеп, осы мүмкіндігін пайдаланып жәбірленушінің сеніміне кірген. Ол автотұрақ орнын арзан бағамен алып беруге уәде беріп, алдын ала 400 мың теңге алғанымен, уәдесін орындамаған.

Бір жылдан кейін Бибігүл Шпанова ақшасын қайтаруды талап еткен сәтте, күдікті қылмыс жасауға барған. Қайғылы оқиға күндізгі уақытта әйелдің өз пәтерінде орын алғаны сотта анықталды.

Сот мәліметінше, жәбірленуші пышақтан алған көптеген жарақат салдарынан көз жұмған. Одан кейін сотталушы марқұмға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасап, ақшасы мен зергерлік бұйымдарын иемденген, сондай-ақ автокөлігін айдап кетіп, ізін жасыруға тырысқан.

Кейін Маңғыстау облысы аумағында ұсталған күдіктінің ісі сотта жабық режимде қаралды. Сот Арман Жетпісовті алаяқтық, асқан қатыгездікпен зорлау, пайдакүнемдік ниетпен жүкті әйелді өлтіру, ірі көлемдегі ұрлық және автокөлікті заңсыз иемдену баптары бойынша кінәлі деп таныды.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →