Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Threads әлеуметтік желісін неге қолданатынын түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Бізде балаларымызбен ортақ отбасылық чат бар. Олар кейде сілтемелер немесе жарияланымдар жіберіп, «Әке, ана, мынау жақсы идея» дейді. Мен қарап көріп, екі жағдай бар деп ойладым. «Отырсаң опақ, тұрсаң сопақ» дейді қазақта. Әлеуметтік желіде жоқ болсаң сені сынайды, бар болсаң тағы сынайды», – деді әкім.
Асайын Байханов әлеуметтік желіде болудың жеке өмірді бөлісуге, ой-пікірмен алмасуға мүмкіндік беретінін айтады.
«Мен де адаммын, мен де азаматпын, отбасым бар, сіздер сияқты өмір сүріп жатырмын. Сол жерде жұмысымнан бөлек өмірде не болып жатқанын көрсету үшін өзімнің күнделігіммен бөліскім келеді. Әрине, жұмысыммен 24/7 айналысамын, бірақ таңертең немесе кешке 20–30 минутты әлеуметьтік желіге арнай аламын. Сол уақытта өз ойымды білдіремін, басқалардың пікірін, жастар мен ересектердің көзқарасын зерделеймін», – деді әкім.
Ол мемлекеттік қызметке дейін де әлеуметтік желілерді белсенді жүргізгенін, жазылушыларының көп болғанын айтты.
«Бұл қоршаған әлемді түсінудің жақсы жолы. Сынау әрдайым болады, біз адамбыз, бұл табиғи құбылыс, және белгілі бір қысым әрдайым бар», – деп түйіндеді Асайын Байханов.