"Отбасы банк" былтырғы жылдық есебін жария етті. Онда банк қызметкерлері арасында анықталған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы да мәліметтер бар екен.
Есепке сәйкес, жекелеген қызметкерлер клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін заңсыз ілгерілеткені үшін сыйақы алып отырған. Сонымен қатар тұрғын үй алу кезегін жылжыту үшін де ақша алған қызметкерлер анықталған.
Банк филиалдарының бірінде қызметкер табысы жеткіліксіз болған азаматтарға жалған табыс туралы құжаттар жасап берген. Соның арқасында талапқа сай келмейтін клиенттер төлем қабілетін растап, ипотекалық несие алған.
Қазір аталған қызметкерлермен еңбек шарттары сенімнің жоғалуына байланысты бұзылған көрінеді. Анықталған фактілер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы құқық қорғау органдарына арыздар жолданған. Бүгінде бірқатар қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, банк қызметтік тексерулердің нәтижесінде кредит беру тәртібін және проблемалық қарыздармен жұмыс істеуді реттейтін ішкі құжаттарға да өзгерістер енгізген.
Бұл деректер тұрғын үй мәселесі қоғам үшін қаншалықты сезімтал екенін тағы көрсетті. Кезектің жылжуы, ипотекаға қол жеткізу және төлем қабілетін растау сияқты рәсімдердің ашықтығы мұнда тек банктің ішкі тәртібі емес, әлеуметтік әділеттілік мәселесіне де айналады.