Әлем

"Отан үшін қолыма қару аламын": Колумбия президенті өзіне сес көрсеткен Трампқа шүйлікті

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Отан үшін қолыма қару аламын": Колумбия президенті өзіне сес көрсеткен Трампқа шүйлікті
РБК-Украина коллажы. Суретте: Дональд Трамп пен Густаво Петро

Колумбия президенті Густаво Петро АҚШ басшысы Дональд Трамп тарапынан айтылған айыптаулар мен қоқан-лоққыларға жауап берді. Бұған дейін Ақ үй басшысы Петроны кокаин өндіруге қатысы бар деп айыптап, оны биліктен тайдыруға бағытталған операция жүргізілуі мүмкін екенін жоққа шығармаған еді, деп хабарлайды kznews.kz.

Петро өз мәлімдемесін X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жариялады.

Колумбия басшысы кезінде әлем тарихындағы ең ірі кокаин тәркілеу операциясына өзі бұйрық бергенін, сондай-ақ кока жапырағын өсіру көлемінің артуын тоқтатқанын еске салды. Сонымен қатар есірткі картельдерімен күрес жүргізгенін атап өтті.

Президент Ақ үй басшысының айыптауларын түбегейлі жоққа шығарып, Трампты ойланбай қадам жасамауға шақырды.

"Егер менің халқымның басым бөлігі сүйіп, құрметтейтін президентті тұтқындасаңыз, халықтың ягуарын босатып аласыз", – деп жазды ол.

Сондай-ақ Густаво Петро елін қорғау үшін қару алуға дайын екенін мәлімдеді.

"Мен әскер қатарында болмасам да, соғыс пен құпия операциялардың не екенін білемін. 1989 жылғы бейбіт келісімнен кейін қаруға қайта қол тигізбеуге ант бергенмін. Бірақ отаным үшін қаруды қайта қолға алуға дайынмын", – деді Колумбия президенті.

Ол колумбиялықтарды өзі "заңсыз күш қолдану" деп атаған әрекеттерден демократиялық институттарды қорғауға шақырып, ел халқына, қарулы күштерге және Колумбияның тарихи жолына сенетінін растады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz