KZNews.kz
Жаңалықтар

«Осы үшін мені жұмыстан шығарады»: жұмысшы құрылыс қоқыстардың заңсыз жерге көміліп жатқанын айтты

Дархан Тоқан
Фото: Бейнежазбадан кескін

Алматы облысында салынып жатқан PepsiCo-ның Lay’s зауыты маңында құрылыс қалдықтары жерге көмілуде. Бұл туралы нысандағы жұмысшы видео жариялап, мердігердің әрекетін заңсыз деп мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.

Видео авторының айтуынша, құрылысты жүргізіп жатқан «НАК» Нұр Астана Құрылыс компаниясы қалдықтарды арнайы тәртіппен шығарып-жоюдың орнына, жер қазып, қоқысты сол шұңқырға көміп тастап жатыр. Кадрдан КамАЗ көлігі әртүрлі ерімейтін, шірімейтін қалдықтарды тиеп әкеліп, қазылған орынға төгіп жатқанын көруге болады. Артынша әлгі жер қайта тегістеліп, бәрі «ештеңе болмағандай» қалыпқа келтіріледі.

Жұмысшы қоқыстың ішінде пакеттер мен ыдырамайтын материалдар көп екенін айтып, мұндай қалдықтың топыраққа сіңбейтінін алға тартқан. Ол бұл іске «прораб» Ержігіт есімді адамның тапсырма беріп отырғанын да сөз еткен.

«Зауыттан шыққан қоқыс. Пакеттер. Шіріп жерге сіңіп кететін де нәрсе емес. Осы шұңқырға әкеп төгеді, сосын бетін тегістеп жауып тастайды. «НАК» Нұр Астана Құрылыс» салып жатқан, «прораб» Ержігіт деген адам жасатып жатыр. Өзі жамағатқа сыйлы, жұмаға барып жүрген адам. Ынтымақ ауылындағы жағдай, қазіргі Алатау қаласы. Мені осы үшін жұмыстан шығарып жібереді, кепілдік берем, бірақ айтпасқа болмады, жүрекке тыныштық жоқ. Өзің жеріңді өзің ластағанға кінәлі сезінесің, шара қолдансаңыздар»,- деді жұмысшы.

Еске сала кетейік, Lay’s қытырлақтарын шығаратын зауыттың құрылысы 2024 жылы басталғаны айтылды. Жобаны 2026 жылғы наурызда іске қосу жоспарланғаны, құрылысқа мыңдаған жұмысшы тартылғаны хабарланды.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары